Оқушы төбелес салдарынан көзінен айырылды
Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде үзіліс кезінде 10-сынып оқушысын соққыға жыққан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, дәрігерлер оның көзін ауыр жарақаттан кейін «қайта құрастырғандай» күрделі ота жасаған.
Кем дегенде, орган ретінде сақталып тұрсын деді. Дәрігерлердің айтуынша, алдағы 10 күн өте маңызды: "Инфекция миға жетпесін деп дұға етіңіздер" деді. Бала миы шайқалып, контузия алған. Көзі ағып кеткен, көз түбі толықтай зақымданған, – дейді зардап шеккен оқушының анасы Зухра Каримова.
Оқиға сабақ арасында, ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 15 жастағы Дамирді сол жерге 9-сынып оқушылары алдап кіргізген. Бақылау камераларындағы жазбаларға қарағанда, әңгіме бірден жанжалға, кейін төбелеске ұласқан. Зардап шеккен жасөспірімнің досы оған көмектеспек болғанын, алайда белгісіз біреулер оны ұстап тұрғанын айтқан. Сол сәтте Дамирдің басынан бірнеше рет соққы жасалған. Оқиғадан кейін Дамир киім ауыстыратын бөлмеден өздігінен шыға алған. Алайда ол көзінен ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ота жасатқан. Қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы тұрақты болғанымен, ол болған оқиғаның көп бөлігін есіне түсіре алмайды. Анасының айтуынша, Дамир шабуыл жасағандардың бірінің қолында темірге ұқсас зат болғанын көргенін айтқан.
Бұл факт бойынша “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті ұсталып, оны уақытша ұстау изоляторына қамау шаралары қабылдануда, – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.







