Қызылорда облысында жаңа ғимараттар саны күннен күнге артуда

2 236

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіОблыста жаңа оқу орындары ашылып, білім инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілді

Білім саласына бағытталған тың бастамалар мен нақты қолдау – ел болашағы үшін жасалып жатқан басты инвестиция. Осы тұрғыда Қызылорда облысында биыл бірнеше маңызды білім беру нысандары пайдалануға берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл — өңірдің интеллектуалды әлеуетін көтеретін, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашатын ерекше жаңалықтар.

Оқушылар үйі – дарынды ұрпақтың ордасы

Балаларға қосымша білім беру – үздіксіз білім берудің маңызды буыны болып табылады. Бұл жүйе оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуды көздейді.

Бүгінде Жаңақорған ауданында ашылған оқушылар үйі – мектептен тыс тәрбие мен білім берудің жаңаша бағыттағы ордасына айналды. Мұнда 24 түрлі үйірмемен 1026 оқушы қамтылған. Ұлттық ойындар, мобилография, робототехника, тоқыма, көркем сөз, «Жас өркен», «Рухани әлем», «Сырлы өнер», шахмат сынды үйірмелер балалардың қызығушылығы мен қабілетіне сай бағытта жұмыс жасауда.

Оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсат еткен ұйымдағы үйірмелер баланың мәдениет, өнер, ғылым мен техника саласына қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдар алуына жол ашады. Облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген сол жағалау мөлтек ауданында ашылған Оқушылар сарайы жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл оқу орны өнер, ғылым, техника және спорт бағытындағы 19 түрлі үйірмемен жұмыс істейді.

Жалпы оқу жылында бір мезетте 350 балаға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар мекемеде бүгінде 500-ге жуық бала түрлі үйірмеге тартылған. Сонымен қатар мекеме жанынан ашылған “ЖағаLive” күндізгі тынығу лагерінде 300-ге жуық бала қамтылған.

Жазғы кезеңде балалар тек демалып қана қоймай, өз қызығушылықтарына сай шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жаңа дағдыларды меңгеріп, уақыттарын мазмұнды әрі пайдалы өткізуде.

Сыр өнерінің қарашаңырағы атанған музыкалық жоғары колледжі жаңа ғимаратқа көшті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Қызылорда қаласында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл — тек жаңа нысан ғана емес, Сыр өңірінің өнері мен мәдениетіне, болашақ таланттарға жасалған зор қолдау.

Салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, және белгілі меценат, «Саутс Ойл» компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов қатысты. Қонақтар колледждің жаңа тынысы мен жас өнерпаздарға жасалған жағдайға жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді.

Аймақ басшысы өз сөзінде: “Қазанғап атындағы музыкалық колледж – Сыр өңірінің мәдени мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан рухани орда. Елу жылға жуық тарихында бұл білім ордасы елге танымал өнер қайраткерлерін тәрбиеледі. Енді, заманауи жаңа ғимаратта бұл дәстүр жаңаша қарқынмен жалғасын табады”, – деді.

Жаңа ғимаратта студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдауға толық жағдай жасалған. Кең әрі жарық концерт залы, би студиясы, хор бөлмесі, музыкалық пән кабинеттері жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, 200 орындық жатақхана ауыл-аймақтан келген жас өнерпаздарға жайлы жағдай ұсынады.

Осы жобаның сәтті жүзеге асуына үлес қосқан «Саутс Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлы Сейтжановқа облыс басшылығы мен Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғыс білдірілді. Бұл нысан – тек білім мен мәдениетке қосқан үлес қана емес, сондай-ақ Қазақ елінің астанасы болған Қызылорданың 100 жылдық мерейтойына арналған маңызды тарту.

Салтанатты шара барысында Серікжан Сейтжанов пен Сенат депутаты Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа ғимараттың Сыр өнеріне, қазақ мәдениетіне жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Қазанғап атындағы колледждің жаңа ғимараты — Сыр өнерінің абыройын асқақтататын, талантты жастарға шабыт сыйлайтын үлкен жаңалық. Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын бұл орда елдің рухани дамуына қызмет ететін кемел білім ұясы боларына сенім мол!

Аймағымызда алғашқы физика-математика бағытындағы «білім-инновация» лицей-интернаты ашылды

Бүгін Сыр өңірінің білім саласындағы маңызды оқиға – Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл заманауи білім ордасы – еліміздің дарынды жастарына сапалы білім беріп, олардың ғылым мен технология саласындағы қабілетін дамытуға бағытталған маңызды жоба.

Ашылу шарасына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемге танымал физик, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев арнайы қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз алған Ермек Беделбайұлы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы білім саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдауды ерекше атап өтті. Облыс әкімі өз құттықтауында: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қуаттап, аймақта білім беру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды.

Аймақ басшысы соңғы үш жыл ішінде білім саласына бөлінген қаржы 304,6 миллиард теңгеге жетіп, 32 пайызға артқанын айтты. Үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі де шешімін тапты. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы төрт мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салынды. Бұл — балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуына бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.

Жаңа білім ошағының ашылуымен қатар, лицей-интернаттың құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған құрылысшылар мен білім саласы қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – еңбектің еленуі мен ұрпақ болашағына қосқан үлестің бағалануының көрінісі.

Шара барысында академик Асқар Жұмаділдаев, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мұрат Бақтиярұлы сынды елге танымал азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, жаңа білім ордасына сәттілік тіледі. Олар лицей-интернаттың еліміз үшін бәсекеге қабілетті, білімді де дарынды жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында биылдың өзінде 3 000 орындық 6 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы 4 мектептің есігі ашылады. Бұл — сапалы білімге қолжетімділік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі нақты жетістіктердің жарқын көрінісі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі ел игілігіне берілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды. Басқосуға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, академик, жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, «Самұрық - Қазына» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Статус Ойл» мұнай компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Сыр еліндегі байыпты бастамаларға оң бағасын беріп, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Аймақ басшысы жаңа ғимараттың ұлт руханиятына қызмет етіп, мәдени мұралардың ордасына айналуына тілегін білдірді.

"Бұл күн аймағымыз үшін тарихи сәттердің бірі. Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Президентіміз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берді. «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асуда. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарып келеді. Мәдениет саласында жаңа жобалар жүзеге асуда. Өнер және руханият саласының майталмандарына әлеуметтік қолдау көрсету басты назарымызда. Жыл сайын мәдениет, өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында «Тұран», журналист қаламгерлерге «Жебе» сыйлығын табыстау дәстүрге айналды. Экспонаттарды таныстыру үшін заманауи технологиялар, жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктері қолданылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің салынуына «Самұрық - Қазына» Ұлттық компаниясы өз үлесін қосты. Заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды. Киелі «Сыр елі – жыр елінің» мәдени қазынасы арта бергей!", - деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты шарада Наурызбай Байқадамов игі тілегін жеткізді.

Еске салайық, өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда 11 млрд. 500 млн. теңгеге «Руханият орталықтары" салынып, ел игілігіне табысталды. Бұл жерде ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталуда.

Облыс орталығында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы", балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, іске қосылды.

Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен құны 3 млрд.800 млн.теңгені құрайтын «Достық үйі» бой көтеруде.

Өткен жылы алғаш рет мәдениет саласының өкілдеріне жаңадан көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер табысталды.

Симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, Жыраулар үйі ашылды.

Сыр өңірінде білім мен өнер саласына серпін беретін ауқымды жобалардың жүзеге асуы – ел ертеңіне салынған берік негіз. Оқушылар үйінің, Музыкалық жоғары колледждің жаңа ғимараты мен Білім-инновация лицейінің ашылуы – өңірдің болашақ көшбасшыларын тәрбиелейтін маңызды орталықтарға айналмақ.

Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Ал Қызылорда – бұл жолда алдыңғы қатарда.