Солтүстік Қазақстанда жаңа босанған ана коронавирустан қайтыс болды

481
Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйел коронавирус жұқтырып қайтыс болды - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.
 

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы 3 күнде өңірде коронавирусты жұқтырудың 438 жаңа жағдайы тіркелді.

Ең көп ауырғандар - Петропавлда.

 «Қайтыс болған жүкті келіншекті коронавирус жұқтырғандықтан 31 аптада босандырып алуға тура келді. Ауру асқынып, өкпесі қабынды. Қазір уәкілетті органдар сараптама жүргізеді. Көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімі жағдайында толық көлемде жүргізілген емдеу-диагностикалық шаралар кешеніне қарамастан, босанғаннан кейінгі кезеңде жүкті әйелдің өмірін өкпенің жаппай зақымдануына байланысты құтқару мүмкін болмады. Әйел жүктілігіне байланысты вакцина алмаған», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Маманның айтуынша, жалпы жыл басынан бері 646 жүкті әйел Covid-19 жұқтырды, оның 203-інде ауру асқынып, пневмонияға ұласқан.

58 жүкті әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді.

38 әйелді аман алып қалу үшін өмірлік көрсеткіштері бойынша кесарь тілігі әдісімен мерзімінен бұрын босанды.

Күні жетпей туғандықтан 3 сәби қайтыс болған.