Биыл Қазақстанда азық-түліктің қай түрі қымбаттады
Бәсекелесті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қымбаттауына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасының өсуі 7,5 пайызды құрайды (2020 жылы 5,6 пайызды құрайды).
Биылғы жартыжылдықта негізгі баға өсімі 5 бағыттан тұрады. Олар:
Көкөністер (картоп, сәбіз),
күнбағыс майы,
қант,
қарақұмық,
жұмыртқа.
Серік Жұманғарин соңғы 2 айда көкөністер бағасының өсуі байқалғанын, оның ішінде картоп 69,1 пайыз, сәбіз 73,4 пайызға өскенін жасырған жоқ.
Оның сөзінше, тауар нарығындағы бірқатар міндеттемелер бағаның өсуіне айтарлықтай әсер еткен.
Жұмыртқа өндірісі нарығы 2020 жылы тауықтардың қырылуынан (2,6 млн тауық) өндіріс азайды.
Жем-шөптің қымбаттауы. Жұмыртқа бағасының өсірмеуге арналған қаржының уақытылы бөлінбеуі. Жұмыртқа өндірісіне арналған субсидияның 50%-ға қысқартылыуы. Салдарынан жұмыртқа өндірісімен шұғылданатын 34 ірі құс фабрикасының 5-і өз қызметін тоқтатты;
Қарақұмық өндірісі нарығы
Өткен жылы 2019 жылмен салыстырғанда елімізде қарақұмық өндірісі 11%-ға қысқарды. Қарақұмық егіс көлемі 99 245,4 гектардан 57 917,6 гектарға азайды (немесе 41,6 %);
Қант өндірісі нарығы
Өндірістің 30%-ға қысқаруы мен импорт үлесінің 66%-ға артуы. Қант қызылшасын егу көлемінің 17 мың гектардан 15,2 гектарға азаюы. Ресей және Белорусь елі жеткізушілерінің бағаны өсіруі.
Күнбағыс майы нарығы
Шикізат бағасының өсуі мен импорт үлесінің 30%-ға артуы.
Жеміс-жидек, көкөністер нарығы
Өнімді сақтау орындарының жетіспеуі. Сәйкесінше қордағы жеміс-жидек, көкөністер бұзылып, салдарынан жыл сайын маусым айында бағаның өсуіне алып келеді. Агенттікте айтылғандай, 2019 жылы картоп өндірісі 3,9 млн тоннаны құраса, өткен жылы 4 млн тоннаны құрады. Ішкі нарықты қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, агенттік төрағасы "әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуінің тағы бір себебі - импортқа тәуелділік" деген пікірде.
Яғни әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұтыну көлемі импорттың есебінен жабылады.
"Оның үстіне әлемдік тауар өндірісінің бағасы 30 пайызға өсті. Бізде дайын өнім ғана емес, шикізатта импортталады. Олай дейтінім, шикізаттың да бағасы қымбаттады, айтар болсақ, күнбағыстың бағасы 2 есеге өсті", - деді Серік Жұманғарин.