Студенттерге жоғары баға алып беруге уәде етіп, ақша алған жігіт сотталды
Ақтауда студенттердің оқу үлгерімін жақсартып, емтиханнан жоғары баға алуға жәрдемдесемін деп ақша алған 24 жастағы жігіт сотталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Өңірлік прокуратураның мәліметінше, ол университеттегі 12 студенттің сеніміне кіріп, 5 миллион 200 мыңға жуық қаражатын жинап алып, сан соқтырған. Ол тәлімгерлердің 90 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі ақшасын қалтасына басқан. Ал соңында уәде еткен міндеттемесін орындамай, алдап алған қаржыны жеке басының қажетіне жұмсап жіберген. Өңірлік прокуратура бұған дейін де ол екі рет дәл осылай студенттерді алдағанын хабарлаған. Сол кезде оған бас бостандығын шектеу жазасы берілген. Алайда жігіт бұл қылмысын тағы қайталаған. Сот оның бұрынғы үкім жиынтығымен 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
“70 мыңнан бастап, миллион теңгеге дейінгі қаражат. Біреу 70 мың, біреу 100 мың, біреу миллион. Әркімге әр түрлі. Жалпы 12 тұлға. Барлығы сол студенттер. Бұл жағдайдан кейін оқу орнында түсіндіру жүргізілді”, – деді Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Нұрлыбайұлы.
Басшылығына да, студенттерге де, мұндай әрекеттің жалған екенін, ондайға алдағы уақытта жол беруге болмайтынын, сенуге болмайтындығы түсіндірілген. Судья 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Қаз
Рус






