2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді

2 313

Фото: Қызылорда облыс әкімдігі2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі, бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар мен археология саласына қатысты қызметтер бұл салықтан босатылады. Дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС кезең-кезеңімен енгізіледі. Арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқарады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов мәлімдед, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

- Жаңа Салық кодексі - салық жүйесін әділетті, ашық және заманауи талаптарға сай қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат. Мемлекет басшысы салық саясаты тұрақты, ашық әрі қарапайым болуы қажет екенін нақты атап өтті. Осы талаптарға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодексте бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Ең алдымен, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл - салық әкімшілендіруді күшейтіп, бюджет кірісін арттыруға бағытталған қадам. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар мен археология саласына қатысты қызметтер бұл салықтан босатылады. Сонымен бірге дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл денсаулық сақтау саласына жүктемені бірден арттырмау үшін жасалып отыр. Табысы жоғары азаматтар үшін прогрессивті жеке табыс салығы енгізіледі. Жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15 пайыз мөлшерлемемен салық төлейтін болады. Бұл әділеттілік қағидатын енгізуге бағытталған. Сонымен қатар бұрынғы 7 арнайы салық режимі үшке дейін қысқартылады. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация қолданушылар және шаруа қожалықтарына арналған нақты әрі түсінікті режимдер қолданылады. Бұл - кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруға жасалған қадам. Жалпы, жаңа салық кодексі салық төлеушілердің құқығын қорғауға, салық жүйесін ашық етуге және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді серіктестік орнатуға бағытталған. Біз бұл өзгерістерді тек қабылдап қана қоймай, әрбір азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз, - деді Асқар Сейдекәрімұлы.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.