АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСЫНДА ҚАРҚЫН БАР

1 110

Фото: Шиелі аудан әкімдігіШиелі ауданында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Әсіресе тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып, табиғатты аялауға деген жауапкершілігін күшейтуге арналған шаралар өз нәтижесін беруде.

Бүгінде аудан көлемінде әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстар дәстүрге айналды. Мекеме қызметкерлері, жастар және қарапайым тұрғындар бірлесе атсалысатын бұл игі бастама — Шиелінің тазалығы мен көркіне қосылған үлкен үлес. Қала ішіндегі көшелер мен көпшілік орындар қоқыстан тазартылып, жасыл желектер күтіп-бапталуда.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков те бұл бағыттағы жұмыстарға баса мән беріп, кенттегі көркейту және абаттандыру шараларымен арнайы танысты. Әкім Яссауи, Шәкәрім және Әбдікәрімов көшелерінде жүргізіліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін жөндеу, заманауи құрылыс материалдарымен қаптау жұмыстарының барысын қарап, мамандарға нақты тапсырмалар берді. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын талап етті.

Зерделеу барысында аудан басшысы тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Абаттандыру – бұл тек сыртқы көріністі жақсарту емес. Бұл – тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және әсем өмір сүру ортасын қалыптастырудың негізгі қадамы» деді әкім өз сөзінде.

Сенбілік аясында аудан орталығы мен ауылдық округтерде орналасқан арық-атыздар, көшелер мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылып, жиналған қалдықтар арнайы полигондарға тасымалданды. Бұл жұмыстар табиғатты қорғауға деген көзқарастың өзгеріп, экологиялық сананың артқанын аңғартады.

 Шиеліде жүзеге асырылып жатқан тазалық пен абаттандыру шаралары – жай ғана сыртқы тәртіп емес, бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Тазалық пен тәртіпті сақтау – әр азаматтың парызы. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауданның ажарын арттырып қана қоймай, халықтың табиғатқа деген жанашырлығын да бекемдей түсуде.