Өгей әкесі 13 жастағы қызын отыздағы еркекке тұрмысқа берген
Танымал журналист Руслан Өтепбай YouTube-тағы тәуелсіз жобасында Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын көпбалалы отбасының күрделі тұрмыс жағдайын жария етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Журналистке жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласқан. Оның айтуынша, көршісі жуырда Қаскелең қаласындағы перзентханада төртінші баласын дүниеге әкелген. Алайда әйелден кесарь тілігі арқылы босанғаны үшін 200 мың теңге талап етілген. Айтуынша, ақшаны төлемесе, перзентханадан шығармайтынын ескерткен. Бұл отбасының қаржылық жағдайы өте ауыр, тіпті күнделікті азық-түлік алуға да мүмкіндігі жоқ. Әйелдің күйеуі ұзақ уақыт үйінде болмаған, жақында ғана оралған.
Жергілікті тұрғын Маржанның сөзінше, әйел – Өзбекстан азаматы және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Қазіргі таңда өзі денсаулығына байланысты медициналық бақылауда.
Отбасындағы тұңғыш қыз Фатима 2005 жылы туған. Ол 13 жасында өгей әкесінің шешімімен өзінен әлдеқайда үлкен ер адамға тұрмысқа шыққан. Сол себепті мектепте бар болғаны үш сынып қана оқыған.
Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Екінші қыз Хадиша 13 жаста, алайда білім алуында бірнеше жылға кешігу бар: ол қазір 4-сыныпта оқиды. Үшінші бала — 7 жастағы ұл. Фатиманың айтуынша, әкесінің бірнеше отбасы бар.
Руслан Өтепбай қызымен және жергілікті тұрғынмен бірге перзентханаға барып, заңсыз ақша талап ету дерегі бойынша жауапты мамандармен кездесті. Перзентхана өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қиын жағдайға тап болған отбасыға қайырымдылық қоры тарапынан үш жыл мерзімге тегін баспана берілді.







