Гуманитарлық көмек: шиеліліктер де шет қалмады

1 507

«Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деп дана Абай атамыз өлең жолдарына арқау еткен бірлік-ынтымақ сынды асыл қасиеттер бүгінгі күні еліміздің бірқатар өңірлерінде болып жатқан  қиын шақта біздерге ауадай қажет, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазақ халқы қаншама тауқыметке толы қилы замандардарды бірлігінің бекем болуы мен татулықтың арқасында аман-есен еңсерңп шықты. Өткен жылдардары орын алған оқиғаларға шегініс жасап көрелікші. Арыста болған жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, пандемия кезіндегі қиындыққа тап болған халықты алып шыққан тағы да осы ауызбіршілігі болатын.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында:


– Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қаруы тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын.


Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшеліктеріміз болып қала береді, – деген еді.


Қазіргі уақытта еліміздің Батыс аймақтары көктемгі қарғын судың астында қалып, төтенше жағдай жарияланған болатын. Тұрғындар қауіпсіз елдімекендерге көшіріліп, арнайы топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып барлық облыс, қала, аудан, тіпті ауыл көшелерінде жылу жинау бекеттері ашылып азық-түлік пен қажетті заттарды жөнелтуде.


Шиелі ауданында Қазатомөнеркәсіп АҚ басшылығының бастамасымен, Шиелі ауданында «Ұлттық атом компаниясына» қарасты «КАР Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалы, «РУ-6», «ТТК-Шиелі» «Волковгеология ГРЭ-23», «Уранэнерго» мекемелерінің қолдауымен 10 сәуір күні техникалар мен арнайы жұмысшы топ көмектесуге жолға шықты.


Көмекке шыққан мамандарға сәт сапар тілеп шығарып салуға аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Насырбек Мырзабеков және БАҚ өкілдері қатысты. Жұмысшы топ қызметкерлерге қажетті жағдай жасалынып, туындаған мәселе мен сұрақтары болса әрдайым жауап беруге дайын екенін жеткізген мәслихат төрағасы:



«Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, көмек қолын созуға аттанғалы тұрған азаматтар мен мекеме қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Осындай ел басына күн туған шақта, бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып қолдау көрсету мәртебелі міндет деп білемін. Тілсіз жаудың құрсауында қалған Ақтөбе, Атырау өңірлеріне Сыр елінің аманатын аман-есен абыроймен табыстап, халықтың алғысына бөленіп қайтыңыздар. Табиғи тосыннан болған апатты жою оңайға соқпайтыны анық. Дегенмен, жұмылған жұдырықтай бірігіп әрекет етсек, көп ұзамай қауіптің де сейілеріне сенім мол, – деді.


Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Насырбек Мырзабеков те жолға шыққалы тұрған азаматтарға сәт сапар тіледі.


– Қазақ халқы қай кезеңде де өздеріңіз секілді ер азаматтарға арқа сүйеген. Мінекей бүгін көмекке бара жатқан жігіттерді елін, жерін сүйген нағыз патриот азаматтар деп білемін. Қиындықты бірге еңсеріп, топан судың алдын алып, отбасыларыңызбен амандықта қауышыңыздар. Алла Тағала елімізді оттан, судан, барлық тілсіз жаудан келетін апаттан сақтасын. Су құрсауында қалған өңірлерге жеңілдігін берсін, – деп ақ тілегін айтып, батасын берді.


Иә, сонымен төтенше жағдайға байланысты жүк көліктері, жеңіл автокөлік, кран, экскаватор, тракторлармен қоса Буденный, Қаратау кен орындарынан келген  120-ға жуық техника тиелген жүк пойызы жол шықты. Айта кетейік жөнелтілген техникалар мен жұмысшылар 1 ай көлемінде аталған өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізетін болады.