Өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
Бүгінгі ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі жоғары кезеңдегі туындайтын мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
Аймақ басшысы синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы тамыз айында жоғары ауа температурасы сақталатынын, қалыпты құрғақшылық күтілетінін ескертіп, орман және дала өртінің алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ, өрт қаупі жоғары кезеңде шалғайдағы елді мекендердегі өрт бекеттерінің жұмысын күшейту қажет.
Мәжіліс қорытындысымен Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттерін бейімделген ғимаратпен, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру тапсырылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман қоры жерлеріне жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді ұйымдастыруы тиіс. Өрт қаупі жоғары кезеңде орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру жасақтары күшейтілген режимде жұмыс жасауы қажет. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті теміржол және автокөлік жолдарының бойына жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді бақылауға жауапты. Облыстық қоғамдық даму басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қураған шөпті, қоқысты өртеуде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қолданыстағы жауапкершілік туралы БАҚ-та кеңінен түсіндіруді ұйымдастыруы керек. Ал, облыстық полиция департаменті орман және алқаптарда болған өртке кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін тиісті шараларды қолға алмақ.