Қызылордада қалалық жағажай құстар мекеніне айналды

1 739
Қызылордада орналасқан қалалық жағажайдың жағдайы мәз емес, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Аптап ыстық алқымнан алып тұрған шақта қала тұрғындары жағажай іздеп, дария жағалайтыны жасырын емес. Бұл үрдіс қала халқы үшін жаз айларынан бастау алатындығы да белгілі. Алайда, байырғы қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың халық игілігіне пайдалануға берілетін тегін жағажайдың жыры  жайында қалғаны белгілі. Алайда, жұртшылық уәдешіл әкімдерден шаршағалы қашан? Сонымен қала тұрғындарының бүгінгі мәселесінің бірі қалалық жағажайдың жағдайы алаңдатып отыр. Олай деуге басты себеп, қалалық жағажайдың бүгінгі көрінісі адам шошырлық. Ағын судың арамы жоқ дегенімен құстар мекеніне айналған ақылы жағажайдың сапасы сын көтермей тұр.


Қала тұрғындары әкімдіктің қадағалаусыз қалған жағажайды жөнге келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізсе екен дейді.
«Бізде тек касса жұмыс жасайды. Сапа мен сынға назар аудармайды. Бастысы кіргеніне ақы төлетсе болды.. Ондағы сасық иістен демалу мүмкін емес. Оның үстіне құстардың мекеніне айналған екен,  қадағалаусыз қалып отыр», - дейді Балжан Спандияр.

Расында қалалық жағажайда әжетхана да қарастырылмағандығы белгілі болды. Ең сорақысы дария жағалауында нәжістерді де кезіктіруге болады. Қаламыздағы жалғыз бағасы төмен деген жағажайдың сыйқы осы. 
Естеріңізге сала кетсек, «ҚАЗАНТАЕВ ХАЛЫҚҚА УӘДЕ ЕТКЕН «ТЕГІН ЖАҒАЖАЙ» САЛЫНБАДЫ» атты мақаламызда жазылғандай «Эдельвейс» жағажайын салуда судың сынамадан өтпегендігін әкімдік алға тартқан болатын.  Алайда, әкімдік тарапынан бүгінгі жағажайға келушілердің жанайқайын естімеуіне не себеп?


«Қазіргі таңда әкімдік балансында жағажайлар жоқ. Қала аумағында орналасқан жағажайлардың барлығы жеке кәсіпкерлерге тиесілі», -  дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы. 


Тұрғындардың айтуынша, алдыңғы жылдары тегін болған жағажай бүгінгі күні ақылы болып отыр дейді. Алайда тиісті сапалы қызмет ұсынса дұрыс болар еді, дейді тұрғындар.

«Демалысымызды осында өткізейік деп шештік. Өкінішті өте суы сасып кеткен, төселген құмдар тікен аралас. Әкімдік бақылауындағы қалалық жағажай емес пе? Қала қонақтарын алып барар жерде жоқ бізде», - дедйі Мөлдір Нұрланқызы.
 

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ