Алматы-Қаскелең тас жолы жарты жыл өтпей жұлым-жұлым болып жатыр

178
Алматы облысына қарасты Алтын Орда базары маңындағы жаңадан төселген тас жол жарты жыл  өтпей бүліне бастады.

“Алматы” телеарнасының хабарлауынша, жаңа асфальттің жұлым-жұлымы шыққанын айтқан жұрт жауапсыз мердігер компания өкілдеріне наразы.


Тоғыз жолдың торабы саналған бұл транзиттік дәлізден күніне шамамен 18 мың көлік қалаға кіріп шығады. Алматы-Қаскелең тас жолының бір бөлігі өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген еді. Алайда жол құрылысы толық дайын емес сияқты, көпір үстінде құрылыс жұмыстары толастар емес.
Күрделі айналма жолды салудағы негізгі мақсат - көлік кептелісін азайту. Республикалық маңызы бар бұл тас жолдың бойында көлік ағыны көп. Жүргізушілер эстакада қолданысқа берілсе де, кептелістен көз ашпадық деп отыр.  


«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания өкілдігінің айтуынша, айналма жолға кеткен қаржы 8 млрд теңге. Бұл республикалық бюджеттен алынған.
Ал жауапты сала мамандары көлік жүргізушілерінің шағымына қатысты алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр. Қазір көпір үстінің асфальт-бетон жамылғысы қайта төселіп жатқанын айтты. Құрылыс жұмыстары Райымбек батыр көшесіне дейін жалғасады екен. Ол үшін көлік қозғалысы тоқтамайды. Тас жол төсеу жұмыстары жол жабылмай-ақ жүргізіледі.

«Желтоқсан айында пайдалануға берілген тас жол толық аяқталған жоқ.  Алтын Орда базары маңында көлік ағыны көп болғандықтан уақытша аштық. Қазір 85 пайызға жұмыс аяқталды. Қалғанын күзге дейін толық аяқтап тапсырамыз», – деді «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, күз мезгілінде толық аяқталатын Алтын орда жолы 25 жылға дейін шыдас береді екен. Бұдан кейін тас жолға қатысты ешқандай мәселе болмайды деп сендірді. Еске салайық, 2017 жылы басталған жол құрылысы 2019-да аяқталып, тапсырылуы керек еді. Мердігер компаниялардың жауапсыздығы мен жер телімдерін сатып алуға байланысты құрылыс әлі күнге дейін сағызша созылып келеді.