"Назарбаев тірі ме?": Тұңғыш президент екі айдан бері көрінбей кетті
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық ортада көрінбей кеткеніне екі айдан асты. Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға қатысты оның тарапынан ешқандай реакция болған жоқ,- "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Блогер Аида Джексен тұңғыш президенттің Қарағандыдағы кеншілердің қазасына байланысты әлі көңіл айтпағанын жеткізді.
30 тамыз күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Instagram желісіндегі ресми аккаунтында Конституция күнімен құттықтау жарияланды.
Сол күні ол туралы Беларусь президентінің сайтында да айтылды. Хабарламада Александр Лукашенконың Қазақстанның қазіргі және бұрынғы президенттерімен телефон арқылы сөйлескені жазылған.
Бұған дейін Лукашенко мен Назарбаевтың 25 маусымда телефон арқылы сөйлескені хабарланған болатын.
Айта кетейік, Назарбаев 17 тамызда "Казахстанская" кенішінде болған қайғылы оқиғаға қатысты да көңіл айту хатын жазбады. Экс-президент атынан мұндай соңғы мәтін 11 маусымда ресми сайтында жарияланды. Онда ол Абай облысындағы өртте қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтқан еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда халық алдына шығып, Қазақстан тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады және мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау кезінде "Астана Опера" опера және балет театрында дауыс бергенін жария етті.
Ал Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеді. Бұл ретте, Үкібайдың өзінің әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы 24 қазанда жарияланған. Ол да Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға үн қатпады.
Тұңғыш президенттің кеңсесіне қоңырау шалу да нәтиже бермеді. Жауап берген қызметкер кеңсе бұдан былай жұмыс істемейтінін және Назарбаевқа қатысты сұрақтарға жауап беруге құзырының жоқтығын айтты. Ол сондай-ақ жағдайға түсініктеме бере алатын ешкімді білмейтінін жеткізді.