Қазақстанда қанша ер адам декреттік демалысқа шыққаны айтылды
291
Өткен жылы елімізде 3,5 мыңға жуық ер адамға 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төленген, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Нұрсұлу Кемелдің сөзінше, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына, яғни бала күтімімен айналысатын ата-анаға әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол әкесі немесе анасы болуы мүмкін. Мұны ата-аналар өздері ақылдасып шешеді.
Былтыр 385 мың отбасыға 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның 3,5 мыңға жуығы ер адамдар. Олар бала күтімімен айналысамын, табысымнан айырылдым, 1 жыл бала қараймын, тиісті демалысымды рәсімдеймін деп шешім қабылдады. Біз оларға шектеу қойған жоқпыз. Оған дәлел ретінде былтыр әкелерге тайындалған 3 мыңнан аса әлеуметтік төлемді айтуға болады. 2021 жылы оның орташа мөлшері 38 мың теңге болды, - деді Н.Кемел.
Қор басшысының айтуынша, биыл 6 айда бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққан 60 мыңға жуық отбасыға әлеуметтік төлем тағайындалған. Биыл төлемнің орташа мөлшері – 46 мың теңге.