ЖАҢАҚОРҒАН - ДИҚАНШЫЛЫҚПЕН ДАҢҚЫН ДҮЙІМ ЖҰРТҚА ТАНЫТҚАН ЕЛДІ МЕКЕН

361
Жаз күндері Жаңақорған ауданында жұртты көп баурап алатын ауылдардың бірі – қарт Қаратаудың етегіндегі «Жайылма» елді мекені. Бұл жерден шіліңгір шілденің ыстығында бос бейсәубет жүрген бір адам таппайсыз. Өйткені, еңбегімен нәпақасын сауып жүрген егінші ауылда бұл уақытта «қырман қызып, табыс тасып» жатады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Дәл осы шақта облыстың қай мүйісінде де «Жайылма» қарбызының жарнамасы жақсы жүреді. Ұлан жолдың бойында да, үйлер арасындағы үйеме үйірлерде де, көкөніс-бақша өнімдерінің қан базарында да қарбыз таңдай алмай тұрған тұтынушы көпшілікке «Жайылманың қарбызы» десең болды, олар мұны ешбір секемденбей ала береді. Себебі, мұндағы жұрт бұл ауылдан тыңайтқыш қосылмаған нағыз табиғи өнім келетінін жақсы біледі. Сауда адамдары да осыны жалаулатып тұрғанды қош көреді.
Облыс орталығынан 180 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Жайылма» ауылына жақындағаннан-ақ мұнда қауын - қарбыз молшылығының белгісі байқалады. Жол бойында ашық базарда тізілген көлік тиелген қауын-қарбыз. Жолшыбай өткен-кеткен жолаушылар бос кетпей, осы жерден қауын - қарбыз ала кететінге ұқсайды.
«Жайылма ауылдық округі» деп жазылған қақпаның өзі қауын - қарбыз суретімен безендіріліпті. Демек, бұл – осы ауылдың паспорты, бренді, басты өнімі. Міне, сол ауылға арнайы келген сапарымыз барысында оның шетіне ілккен бойда жағалай егілген жүгері дақылы алқаптарын да көзіміз шалды. Әкімшілік біздің келетінімізден хабардар болатын, сондықтан бір жылдың жүзінде ауылды басқарып келе жатқан әкім Әліби Бөкеев елді мекеннің ерекше тұстары жайында сөз қозғай жөнелді. Округ әкімінің айтуынша, ауылда 222 отбасы бар, оларда 1527 жан тұрады. Еңселі қоныстағы жұрттың негізгі кәсібі бақша егу мен мал шаруашылығы екенін бұрыннан білеміз. Осының ыңғайында ауылда тіркелген 106 кәсіпкерлік нысанның 38-і шаруа қожалық кәсіп иелері болып табылады.
"Ауылымызда биылғы жылы 550 гектар аумаққа бақша дақылдары егілді. Оның ішінде 37 гектарға картоп, 30 гектарға көкеніс, 60 гектарға дәнді жүгері, 200 гектар аумаққа жоңышқа, 147 гектарға жаңа жоңышқа егілді, ал 310 гектар қарбыз дақылын егіп отырмыз. Мал шаруашылығы бойынша 2364 бас ірі қара, 380 бас жылқы, 328 бас түйе, 14 300 бас уақ мал тіркелген. Былтырғы жылы «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқыған азаматтар биыл кәсібін ашуға ниеттенуде. Өзіңіз көріп отырғандай, ауылда бос жүрген адам жоқ. Қазір жаппай еңбектің қызған шағы. Шаруалардың басты мақсаты – биылғы егілген өнімдерді шығынсыз жинап алу. Аяқсу Жиделі су торабы арқылы келеді. Ауыз су ауыл халқының 50 пайызына берілген. Бір-екі жылдың ішінде ауыл халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтысақ деген жоспарымыз бар. Оған ауылымызға газдандыру жұмыстары 3-4 жылдың көлемінде жүргізіледі деп күтіп отырмыз. Оған қоса ауылымызға жаңа спорттық кешен, монша керек, бұл нысандарды да ашу жоспарда бар", – дейді Әліби Төлешұлы.
Ауыл халқы таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, содан кейін шірітіп алмай жинап, сатқанға дейін тайлы-тұяғына дейін дамыл таппайды екен. Анығын айтқанда, көктем басталысымен аяғын тәй-тәй басқан баладан еңкейген қарияға дейін қарбыз науқанына үлесін қосып, ала жаздай еткен еңбектің ақталуына тілекші болады. Шыққан күнмен таласа ауыл сыртындағы алқапқа асығатын елдің жаз бойғы еңбегі де, тіршілігі де осы. Көктемгі бейнеттің зейнетін көруге асыққан шаруалардың жайын білмек болып, егістік басына келдік.
Қарбызды кәсіп көзіне айналдырған ауылда 13 шаруа қожалығы бар екен. Мұнда «Жиделі», «Шоқымазар», «Асхат», «Диқан баба», «Ахатай», «Аршын», «Томирис» «Береке», «Сенім», «Бектас» шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы саласына үлкен үлес қосып отыр.
АДЫМЫ АЙҚЫН "АРШЫН"
Біздің ауылға іс сапарымызда алдымыздан әкіммен бірге күтіп алған осы мекеннің тұрғыны, айтары бар азамат Әлмахан Баймаханов өзі төрағалық ететін «Аршын» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. 2014 жылы мал шаруашылығы бағытында ашылған шаруашылықтың шаруасы шалқып келеді. Бүгінде қожалықта 30 бас жылқы, 800 бас қой, 70 бас ірі қара малы өсіріліп отыр.  Еңбекке ерте араласқан ақсақал бүкіл ғұмырын осы ауылдың ауыл шаруашылық саласына арнап келеді. Механизатор болып жұмыс істеген  Әлмахан Баймаханұлы отбасылық кәсіпті дөңгелетіп әкетіпті. Көмекшілері – балалары, Абылай хан мен Дархан ата кәсіпті меңгеріп, ата-анасына қолғабыс жасап отыр.
"Ауылымыздың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді. Мал шаруашылығымен қоса, азын-аулақ аумаққа бидай егіп отырмыз. Бізге берілген аумақты шеңгелден тазалап, аяқ су тартқыздық. Мал өсірген соң, жем-шөбі, азығы дұрыс болса дейміз. Перзенттерім де осы кәсіпті жалғастырып, өркен жаюына үлес қосып отыр. Өмірлік серігім Раушан екеуміз 3 ұлымыз бен 2 қызымыздың өмірден өз орындарын тапқанына қуанамыз. «Аршын» шаруа қожалығыны адымы айқын, жұмысы жүйелі жүріп келеді", – дейді шаруашылық төрағасы.
КЛУБ ҮЙІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ
«Жайылма» ауылындағы 250 орындық мектеп 2013 жылы пайдалануға берілсе, 2012 жылы ашылған  медициналық бекет ел игілігіне қызмет етуде. Ашылғанына 10 жылға жуықтаған 50 орындық жеке балабақша ауыл бүлдіршіндеріне қызмет көрсетіп келеді. Мұнан бөлек ауылда 2005 жылдан бері «Кәмшат» мемлекеттік балабақшасы жұмыс істеуде. Ауыл мектебі жанынан ашылған 40 орындық шағын орталық та жұмыс істеуде. Қысқасы, бұл ауылда балабақшамен қамтылмай қалып жатқан кішкентайлар жоқтың қасы.. Ауыл халқының мәдини және рухани ордасына айналатын клуб үйінің құрылысы қарқынды жүруде. Осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.   Ауыл кіре берісіндегі жер арнайы қоршауға алынып, ағаш егіліпті.
ШАРУАСЫ ШАШАУСЫЗ ҚОЖАЛЫҚ
Қарбызды ауылдың тіршілігін көруге келген соң, егістік алқапқа соқпай кетуге болмайды.
Бүгінде мал өсірумен қара жерден несібесін тапқан «Асхат» шаруа қожалығы- ауылдағы мақтаулы қожалықтардың бірі. Диқан Қалмат Кенімбаев қарбыз дақылы ауылдың несібесіне айналғанын айтты.
"Үш ай уақыт біз үшін үлкен сынақ. Көктем басталғаннан Жер-Анаға тер төккен жайылмалықтар бір сәтке дамыл таппайды. Қарбызды егу, оны өткізу үшін барымызды саламыз. Зыр жүгіріп еңбек етпегенге, несібе қайдан болсын? Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Тұрғындар жылдық жоспарын қарбызға жүктейді. Біздің «Асхат» шаруа қожалығы 2004 жылы ашылған. Негізі, мал өсіріп, бақша дақылдарын егумен айналысамыз. Бүгінде қожалықта 1200-ден аса қой малын өсіріп отырмыз. Қисары қойы 40 килоға дейін ет береді. Қойларымыз «Бөрітескен» деген жерде, Қаратаудың етегінде жайлауда жайылып жүр. Атадан балаға мұра болып кәсіпті бауырларыммен бірге жүргізіп отырмыз. Асхат, Аят, Айгүл – өз ісінің мамандары, менің көмекшілерім. «Жайылма» қарбызын Ресей мемлекетіне, республикамыздың түкпір - түкпірінен келіп, егістік басынан алып кетеді. Биылғы жылы әр гектардан 30-40 тонна қарбыз аламыз деген жоспарымыз бар", – дейді шаруашылық төрағасы Қалмат Серікбайұлы.
Дала төскейінде қауырт жұмыс. Біркелкі, жинақы  жасыл алқап, теңкиген қарбыздың көрінісі, алқап басындағы қызу тіршіліктің, маңдай тер сіңген еңбектің дәмі, қарбыздан егістік басында дәм татып, күйбең тіршілігі көрініс тапқан қалаға аттанып кеттік.