Алматыда 10 жастағы бала велосипедтен құлаған соң сал болып қалған
Алматыдағы көп балалы отбасының мүшесі 10 жастағы Қаулы Жұмағазы велосипедтен құлап, оң жақ денесі сал боп қалған. Отбасы ұлдарының еміне қаражат керек деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы Opennews.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме беріп хабарлайды.
10 жасар Каулы мамыр айының соңында велосипедті басқара алмай, үлкен жылдамдықпен шам бағанасына соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, бала бас сүйегінің төбесіне зақым алған. Ауруханада оған тігіс салынып, үйіне қайтарылған. Көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлаған.
Ата-аналар бірден дабыл қағып, сараптамаға баруды ұйғарды. Алайда дәрігерлер диагноз қоя алмапты. Баланың басында қан ұйып қалған не қан тамырлары жарылған деген күдік бар. Бірақ нақтылау үшін жоғары білікті мамандарға жүгіну керек. Оған сәйкесінше қомақты қаражат қажет.
Жұмағазы отбасында Қауладан бөлек кәмелетке толмаған тағы үш бала тәрбиеленуде. Олар Қытайдан Алматыға 3 жыл бұрын көшіп келген. Көп балалы отбасының жеке баспанаға қаражаты жоқ, жалғыз асыраушылары әкелері құрылыста жұмыс істейді. Шетелде емделу үшін жоқ дегенде шамамен он миллион теңге қажет. Қауланың ата-анасы қайырымды жандардың көмегімен бұл соманы жинаймыз деп үміттеніп отыр.