ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
160
Облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов ауданда жұмыс сапарымен болып, Сырдария өзенінің бойындағы су тоспалары мен каналдарды және өңірдегі егістік алқаптарын аралады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі С. Сермағамбетов облыс әкімінің бірінші орынбасарына дария суын тиімді пайдалану бағытында аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндірді.
Алдымен «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі «Аспай» су ағытқасының қазіргі жағдайымен таныс болды. Аталған су ағытқысы жөндеуден өткізіліп, іске қосылуының нәтижесінде қазіргі таңда Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі толықтай суландырылды.
Одан соң, «Мырзас» су тоспасының құрылысын жүргізу үшін жоспарланған аймаққа барып, белгіленген орынды көрді.
Сондай-ақ, жөндеу жүргізіліп жатқан «Қулы» каналындағы жұмыс барысын бағамдады. Жақын күндері каналды тазалау жұмыстары бастау алған болатын. Алдағы уақытта су көлемін реттейтін шлюз орнатылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған каналдың шабындық алқаптарды суландыру үшін зор маңызға ие екендігін айтып, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы орындау қажеттігін тапсырды.
«Ақлақ» су тоспасы мен «Көкарал» бөгетінің де бүгінгі жағдайы мен су деңгейін бақылады. Нысан маңына жақын орналасқан Қаратерең және Бөген ауылдық округінің ардагерлерімен кездесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелер жөнінде пікірлесті. Қаратереңдіктер мал жайылымы мен шабындық алқаптарға мол су баруы үшін «Құйылыс» қорғаныс бөгетін көтеріп, шлюз салу қажет екендігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ал, бөгендік тұрғындар жол мәселесі шешімін тапса, ауыл халқының қатынасы үшін тиімді болатындығын білдірді.
Сапар барысында С. Қожаниязов Аманөткел ауылдық округі аймағындағы «Аралтұз» акционерлік қоғамының және «Camel Pro» шаруа қожалығының егістік алқаптарында болып, дала еңбеккерлерінің қызу жұмыстарына куә болды.
«Аралтұз» АҚ көктем мезгілінен бастап мал азығына арналған жоңышқа шөбін еккен болатын. Қазіргі таңда егін ору науқанына дайындық үстінде. Ал, «Camel Pro» шаруа қожалығы Түркия елінен жоңышқаның өзге түрін алдырып, суды үнемдеу мақсатында жаңа технологиямен жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда. Қазіргі таңда 85 гектар аумаққа күздік жоңышқа орналастыруда.
Тағы да оқыңыздар
Өнеркәсібі өрлеген өңір
1 502