Алматыдағы ауруханалардың бірінде бөлім меңгерушісі санитарды соққыға жыққан
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында бөлім меңгерушісі 19 жастағы санитарды соққыға жыққан. Әріптестерінің сөзінше, жігіттің басы көгеріп қалған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Желідегі ақпаратқа сәйкес соққыға жығылған жігіттің есімі – Нұржан Оханов. Ол сараптамадан өткен, қазір денсаулығына байланысты демалыста. Ал ата-анасы полицияға арыз түсіріпті.
Кей мәліметтерде бөлім меңгерушісінің 19 жастағы жігітті бұған дейін де ұрғаны айтылған. Алайда істі жауып тастаған көрінеді. Сонымен қатар өзге де қызметкерлерге қол көтерген кездері болған. Оқиға туралы айтқан аурухана қызметкерлері аты-жөндерін атамауды өтінген.
Stan.kz тілшісіне жауап берген аурухананың баспасөз қызметі істің мән-жайын анықтау үшін қызметкерлермен, соның ішінде бөлім меңгерушісі және санитармен әңгімелесу жүргізілгенін хабарлады.