"Тарақандар толып жүр". Шымкентте облыстық балалар ауруханасындағы жағдай жұртты шошытты

418

Түркістан облыстық балалар ауруханасындағы жағдай емделушілердің наразылығын тудырды. Олар медицина мекемесіндегі палаталар мен жуыну бөлмелерінде түрлі жәндіктердің еркін жүргенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. 


Блогер Дәулет Төлеутайұлы Instagram-дағы парақшасында Облыстық балалар ауруханасында түсірілген видеоны жариялады. Онда бала жатқан бөлменің әр жерінде тарақандар жүргені айқын көрінеді. "Жалпы, тазалық деген қайда?! Бөлінетін ақшалар қайда кетіп жатыр?" дейді блогер. 


Сөзіне дәлел болу үшін олар аурухана ішін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. 

"Шымкенттің Облыстық балалар ауруханасы толған тарақан! Дамыған 50 елдің қатарында аурухананың тарақандарымен бірге жүрміз ба? Ұйқы жоқ. Баламның құлағына кіріп кете ме деп аңдумен отырмын.
 Санитаркасына айтсам "Жоғарыға айтыңдар, дәрілемей отырған өздері ғой" дейді. Кім жауап береді, СЭС, комиссия дегендер не қарап кетіп жатыр сонда?”, - дейді келіншек


Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың сөзінше, дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмыстары айына бір рет жүргізіледі. 

“Келісім-шартқа сай дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтері жүргізіледі. Мұндай жағдай бізде бұрын анықталған емес. Көрсетілген бейнежазба және ақпарат бойынша тексеріп жатыр. Мәселе бақылауға алынған”, — делінген хабарламада.

Келісімшарт негізінде 27 қаңтарда, 25 ақпанда және 29 наурызда залалсыздандыру жұмыстары атқарылғаны хабарланды.


"Бірақ бұндай жағдай бізде бұрын анықталған емес. Көрсетілген видео және ақпарат бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселе бақылауға алынды", - деді Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасындағылар.


Бейнежазба астына пікір қалдырушылар осы секілді жағдай басқа да қалаларда кездесетінін жазған. Әсіресе Алматы мен Тараздағы емдеу мекемелері ең көп айтылыпты. Кей қолданушылар "Үлкен қалалардағы жағдай осындай болса, аудан, ауылдағы ахуал тіпті қиын шығар" деген ойын білдірді.