Семейде супермаркет салмақ болған кәсіпкер тұрғындар өтетін жолды жауып тастаған

377
Семейде супермаркет салмақ болған кәсіпкер бүтін бір ықшамаудан тұрғындары қатынайтын соқпақты айналдыра қоршап тастаған. Бұған ашынған жұрт шу шығарды.

Треугольник ықшам ауданының тұрғындары жол бойындағы жер телімін жекенің қолына сатып жіберген шенеуніктерден жүріп-тұруға жағдай жасауды талап етті.
 
Бүгінде жан-жағын теміржол қоршаған шағын ауданда шамамен 200-ден астам баспана бар. Ал жұрт аурухана мен аялдамаларға шойын жолдың жиегіне қойылған кішкентай өткел арқылы қатынайды.
 
Енді олар сол жалғызаяқ соқпақтан айырылып, қоршауда қалғандарын айтып, шағымдануда. Өйткені сауда орнының құрылысын жүргізбек болғандар тұрғындардың жүретін жолын қоршап тастаған. 

"Темір жолды асып түсетін жерде құрылыс салып жатыр. Оның бойын түгел қоршап тастады. Бүгінде сол жерден жол жоқ. Енді мұны айналып өту үшін анау Жаңақұрлыс жақпен өтуіміз керек", - дейді тұрғын Қайыпжан Алшынбаев. 

Ал ашуға булыққан жұртты сабырға шақырған атқамінерлер жер телімі бес жыл бұрын сатылып кеткенін айтады. Алайда кәсіпкердің құрылыс жүргізуге әлі құжаты дайын емес екен. Ал жолды жауып тастағаны да заңға қайшы дейді олар. 

"Жобасы бізден толық өткен жоқ. Құрылысқа алдын ала дайындық жүргізіп жатыр. Бірақ мынандай қоршау жасалмау керек. Халықтың жолы жабылмауы тиіс", - дейді Семей қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ардақ Исатаев.