Атырау тұрғындары: "Ауруханада үш баламызды өлтірді"

381

Атырау облыстық балалар ауруханасында қаңтарда үш сәби шетінеген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Атырау қаласының тұрғыны Қанат Жұмаділовтың екі жастағы қызы Айшаның денесінің 6 пайызын күйік шалып, облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі. Ауруханада Айшаның жағдайы жақсы болғанымен, үш күннен кейін пневмония диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызады. Кейін әкесіне қызының шетінеп кеткенін хабарлайды.

Қызыма бір күнде тамырына сегіз рет дәрі құйған. Ол бұл дәрілерді көтере алмай, анафилактикалық шок алған. Оған қайта-қайта ұйықтататын дәрі салған. Қызым өлмеу керек еді. Денесі күйген қызымды өлтіріп берді,— дейді Қанат Жұмаділов.

Қызының денесін алған Қанат Жұмаділов жағасын ұстаған. Денесі көгеріп, басы ісіпті. Ол дәрігерлердің салғырттығынан тәтті қылықты қыздарынан айырылып қалғандарына сенімді.

Дәрігүл Бақтиярованың бір жарым жастағы қызын аурухана қабылдамай қойған. Демікпемен барған балаға дәрігерлер оның тамағын шаюға кеңес береді. Тек екінші мәрте жағдайы қиындаған кезде ғана аурухана төсегіне жатқызған. Бірақ тым кеш болды — бір жарым жастағы Ділдә ауруханада қайтыс болды.


Қызыма жөнді қарамады. Оның екі бауыры істен шығып, өлтіріп алды. Ділдәнің дәреті жүрмей қалған. Уақытты жіберіп алды. Мен дәрігерден қандай дәріні көп құйып жібергенін сұрадым. Олар ұйықтап қалып, Ділдә қараусыз қалған,— дейді Дәрігүл Бақтиярова.

Ал облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрғабыл Айтмұхамбетов кішкентай науқастарға қажетті ем-дом көрсетілгенін айтты.


Қажетті медициналық көмек көрсетілді. Медицинаның әлі келмейтін жағдайлар бар екенін де ескеру керек. Мен қандай да бір қателік кетті деп есептемеймін,— дейді Нұрғабыл Айтмұхамбетов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрған. Олар медициналық қателіктер кеткенін айтып отыр.


Комиссия қорытындысынан соң нақты белгілі болады. Ата-аналардың құзырлы органдарға шағым жазуға құқығы бар,— дейді аталған басқарма басшысының орынбасары Жанар Сәдуова.

Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар құқық қорғау органдарына да шағымданған. Олар ақ халаттылардың заң алдында жауап бергенін қалайды. Облыстық балалар ауруханасында 2020 жылы 36 бала қайтыс болса, өткен жылы 48 бала шетінеген.