24 жасар бойжеткен жаңа туған сәбиін әлеуметтік желі арқылы сатпақ болған

1 528

Алматы облысының тұрғыны жаңа туған сәбиін интернет арқылы сатпақ болған, -деп  хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының хабарлауынша, 24 жастағы облыс тұрғыны баласы жоқ ерлі-зайыптылармен кездесіп, нәрестені сатуға келісімін берген. 


"Тексеріс барысында жүктілігі жеті айлық 24 жастағы облыс тұрғыны әлеуметтік желіде баласын сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Ол баласы жоқ ерлі-зайыптылармен байланысып, кездескеннен кейін баланы сатуға келісімін берген. Қазан айында тараптар арасында жаңа туған нәрестені асырап алу мақсатында заңсыз сату-сатып алу жүргізілген", - делінген хабарламада.


Аталған факті қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Шымкентте жаңа туған нәрестені сатудың тағы бір дерегі тіркелді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 23 жастағы жас келіншектің баласын сатып алушылар іздеп жүргенін анықтап, делдал арқылы 45 жастағы басқа облыстың тұрғынын тауып, кейін онымен мәмілені аяқтауға келіскен. Аталған факті қылмыстық кодекстің 135-бабы "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала балалар үйіне орналастырылды. Сондай-ақ күдіктінің бірнеше рет алаяқтық жасағаны анықталып, қамауға алынды", - деді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Қанат Нұрмағамбетов.