Мемлекеттік жастар саясаты: ұсыныстар мен шешімін тапқан мәселелер

206

Мемлекеттік жастар саясаты: ұсыныстар мен шешімін тапқан мәселелер бар, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Ел болашағы қашан да жастарға тікелей байланысты. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жастар ел халқының жалпы санының 20,2%-ін құрайды. Жастар – ел дамуының, болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңінің қозғаушы күші. Сондықтан жастарға бүгін және қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, құба-құп. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту секілді мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылданып жатыр. Қазақстанда мемлекеттік жастар саясаты туралы бастаманың қалай жүзеге асып жатқанына, өткен жылы жастардың қандай бағдарлама бойынша мүмкіндікті пайдаланғанына шолу жасады.

 

 

Жастар саясатының басым бағыттары

2015 жылдың 9 ақпанында Қазақстанда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, жастар санатына елдің 14-29 жастағы азаматтары кіреді. Ал 2021 жылы жастар санатына жататындардың қатары кеңеюі мүмкін. Мұны ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлімдеген еді. Сондай-ақ, жастарға жағдай жасауға арналған бірнеше бағдарламаларға өзгерістер енгізіледі.

Жастар саясаты бағдарламасының мақсаты мен міндеті қандай? Ол қандай қағидаттарға сүйеніп іске асады? 2015 жылы қабылданған заңда жастардың толыққанды рухани, мәдени дамуы мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты болып табылатыны айтылған. Сонымен қатар олардың білім алуы мен кәсіби біліктілігінің артуы, шешім қабылдау процесіне атсалысуы, физикалық тұрғыдан дамуына да басымдық берілген. Ал жастар саясатының басты міндетіне жас азаматтардың құқығының қорғалуы, заңды мүддесінің жоғары тұруы жатады. Сондай-ақ, жастардың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайларға атсалысу, жастарды азаматтық сезімге тәрбиелеп, отанға, елге деген патриотизм сезімін нығайтуға бағытталған.

Жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер секілді қағидаттарға сүйенеді. Сондай-ақ, жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасыдағы тәрбие кіреді.

Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары:

-Сапалы білім беру;

-Денсаулық сақтау;

-Жұмыспен қамту;

-Кәсіпкерлікті дамыту;

-Тұрақты баспанамен қамту;

-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу;

-Экологиялық мәдениет;

-Талантты жастарға көмек;

-Мәдени демалысқа баулу.

 

Мәжіліс көтерген мәселе

Жастар саясаты туралы заңның басым бағыттары айқындалған. Ол бағыттағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Дей тұрғанмен әзір толық шешімін таппаған мәселелер бар. Оның барлығы министрлік өкілдері қатысқан мәжіліс депутаттарының жиынында айтылды.

2021 жылдың 30 наурызында «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында конференция өтті. Жиынға мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, білім және ғылым министрлігі, спорт және мәдениет, ішкі істер министрілігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қатысты. Жиында ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Оралов 2021-2025 жылдарға арналған жастар саясатына қатысты министрлік жоспарының басым бағыттарын таныстырды.

Оның сөзінше, жастардың тұрмыс жағдайын, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кешенді жоспарлар қабылданған. Атап айтқанда, «Жастар жылы» аясында жол картасы іске асты. «Қазақстан – 2020: Болашаққа бағдар» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру аяқталды. 

 

 Жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік қолдау шаралары бір миллионнан астам жасты қамтыды.

Жастар саясатын әрі қарай да дамыту мақсатында Қазақстанның үкіметі 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Ол Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мен мемлекеттік жастар саясаты туралы заңда айқындалған жастарды қолдау бойынша 9 бағытты қамтыды.

2021 жылдағы ақпаратқа сәйкес, жастарды қолдау жөніндегі институционалды база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес, кәсіпорын, жоғары оқу орындарында, колледждерде 897 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істеп тұр. 

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі жастардың арасындағы өзекті мәселелерді атады. Олар:

  • тұрғын үй мәселесі;
  • жұмысқа орналасу;
  • қолжетімді әрі сапалы білім алу;

Осы мәселелерді шешу мақсатында ақпан-наурыз аралығында әр өңірдің даму ерекшелігі ескеріліп, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тақырыбы бойынша онлайн форматта қоғамдық тыңдаулар өтті. Оларға мыңнан аса жас азамат қатысты. Күн тәртібінде талқыланған тақырыптар:

  • Мемлекеттік жастар саясаты заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу;
  • Жастардың даму индексін әзірлеу;
  • «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы.

Жастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жоба аясында жастар даму индексін әзірлеу және оны аймақтарда дамыту, талантты жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтар» грантын беру, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұның бәрі 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспарланған.

Сонымен қатар мәжіліс депутаттары Қазақстанда 29 жасқа дейінгі азаматтардың жастар тізіміне қосылатынын, бұл бағытта зерттеу жүргізіп, жастардың шектік жасын өзгертуді ұсынды.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрінің сөзінше, 2015 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заңға 2021 жылдың аяғына дейін өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі. Соның ішінде жастардың орта жасын 35-ке дейін ұлғайту деген ұсыныс бар. Алайда бұл тақырып депутаттармен бірге пысықталады. Министрліктің жоспарына осы бастаманы мәжіліске ұсыну туралы жоспар бекітілді.

 

2020 жылдың қорытындысы қандай?

Үкімет 2020 жылы жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітті. Бір жылда жастар арасында отбасы құндылығын нығайту, отбасы институтын дамытуға бағытталған 22 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асты. Оны үкіметтік емес 16 ұйым жүзеге асырды.

Жалпы алғанда екі жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оның бәрі онлайн форматта өтті. Жаңа форматқа қарамастан жоба 300 мыңнан астам адамды қамтыды.

Жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2020 жылдың сәуірінен бастап 209 жастар ресурстық орталығы жұмыс істеп тұр. Ол жерде жастар жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпарат ала алады. Бір жылда орталықта 600 мыңнан астам азамат кеңес алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Енді ресурстық орталықпен бірлесе NEET санатындағы жастарға бағытталған арнайы бөлімшелер ашылады. Ресурстық орталық Jastarǵa keńes, Jastarǵa bilim, Jastarǵa qyzmet, Jastarǵa jumys секілді арнайы төрт жобаны жүзеге асырып жатыр.

Сонымен қатар жастар басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдың бірінші қыркүйегіндегі жағдай бойынша бұл бағдарламаға қатысқандардың 33%-ті – жастар. Бұл бағдарлама жұмысқа тұруға бағытталған. 2020 жылы бағдарламаға қатысушылар қатарына 145 мың жас азамат қосылды, оның ішінде 135 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл бағдарлама бес жылға арналған. 2017-2021 жылдар арасында ниетті адамдар мүмкіндікті пайдалана алады. Бағдарлама бойынша орман және балық шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, көтерме және бөлшек саудасы, тамақтану, қызмет көрсету, білім беру саласында жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ бағдарлама аясында «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы жүзеге асуда. Ол жерде 9-шы немесе 11-ші сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмаған мектеп түлектері тегін оқи алады. Бұл бағыт бойынша да 60 мыңға жуық адам білім алуда. 

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың тұрмысы төмен тобы үшін арнайы әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақжастар практикасы және қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылды. Оларға 2020 жылы жастар қатарынан 45,9 мыңнан астам адам жіберілді. Олар: әлеуметтік жұмыс орындары – 3,8 мың, жастар практикасы – 13,8 мың, қоғамдық жұмыстар – 28,3 мың.

Ал белгілі бір жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін, ештеңеге құлқы жоқ NEET санатындағы жастарды қайта даярлау үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жолға қойылған. Ол бойынша 4,5 мың адам сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуға жіберілді.

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – NEET санатындағы жастар. Жыл сайын бұл санаттағы адам санын азайту мақсатында мемлекет түрлі бастамаларды қолға алды. Жауапты министрлік Алматы, Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан басқааумақтарды дамыту бағдарламаларында өңір бойынша NEET жастардың үлесін төмендету бойынша қарқынды жұмыс істеуде. Бұл бағытта арнайы индикатор көзделген.

Жастар саясаты аясында кәсіпкер болғысы келетін жастарға да жағдай жасалды. 5,3 мың адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Нәтижесінде 942 адам өз ісін ашты, 1,2 мың адам шағын несие алды.

Экологиялық мәдениет тақырыбы кейінгі жылдары қызу талқыланып жатыр. Соған байланысты Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Жасыл ел» жобасын іске асуда. Республиканың 14 облысында, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Жасыл ел» өңірлік штабтары жұмыс істейді. Жыл аяғында 11 632 адам «Жасыл ел» маусымдық әлеуметтік жұмысқа орналасты.

 

Жоба жемісі

Ауыл жастарының жағдайын қаламен теңестіру мәселесі де біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Сонымен қатар ауылға білікті мамандарды жіберу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ол үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүйелі түрде жас мамандарды ауылдық жерлерге жіберуге мүмкіндік беруде. Бұл бағдарлама басталғалы Қазақстанда 70 мыңға жуық адам оқуды аяқтаған соң ауылға барып жұмыс істеп жатыр.

Ал ауылдық жерлердегі жастардың да мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болуы үшін аудандарда жастар ресурстық орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Ол жерде тегін кеңес алуға болады. 

«Мемлекеттік қолдау шаралары аясында бір жылда бір миллионнан астам жас азаматқа қолдау көрсетілді. Ауылдағы жастарға түсінікті тілмен ақпаратты жеткізу мақсатында жастар ресурстық орталығы жұмыс атқаруда», деген еді Оралов «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында өткен конференцияда.

Оның сөзінше, жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін «Серпін» бағдарламасы да қарқынды жүріп жатыр. Осы бағыт бойынша білім және ғылым министрлігі бағдарлама аясында қамтылған мамандықтар тізімі кеңейетінін айтып өтті. Мысалы, «Серпін» бағдарламасына денсаулық сақтау саласы бойынша да мамандықтар қосылады. Ол бір жағынан жастардың сапалы жоғары білім алуына жағдай жасаса, екінші жағынан солтүстік өңірге оңтүстік аймақтың жастарын жіберіп, ол аймақта қызмет етуіне серпін береді. Ал бұл бағдарлама бойынша жыл сайын бес мың грант бөлінеді.