20 жастағы жігіт жұмыс орнында аяғының бір бөлігінен айырылды
237
Ақмола облысында 20 жастағы тұрғынның аяғын жұмыс орнында кесіп кеткен. Аталған деректі полиция растап, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Көкшетау полиция басқармасына 20 тамыз күні жедел жәрдем станциясының фельдшері облыстық аурухананың қабылдау бөліміне 20 жастағы тұрғынның түскенін мәлімдеген. Оған "Сол жақ балтырдың үштен бірінің травматикалық ампутациясы, сол жақ балтырдың жұмсақ тіндерінің зақымдалуы және жыртылған жарақаты" диагнозы қойылған.
"Жедел-тергеу тобы зардап шеккен адамның жұмыс орнында, ашалы арбамен жұмыс істеу кезінде (жүкті тасуға арналған құрылғы) жарақат алғанын анықтады. Полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 2-бөлігі (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.
Қазір мемлекеттік еңбек инспекторы тексеріс жүргізіп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған.