Ақтөбе қаласында екі баласының қол-аяғы сынған ана мүгедек балаларға арналған оңалту орталығына шағымданды
Ақтөбелік келіншек мүгедек балаларға арналған жекеменшік оңалту орталығына екі баласын емдеуге әкелген. Кейін егіз ұлының осы орталықта қол-аяғы сынғанын білген, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Гүлбану Жамбозова орталық мамандары балаларға уақытында алғашқы көмек көрсетпегеніне ашуланып, полицияға арыз түсірді. Ал емдеу орталығы ерекше күтім қажет ететін балаларға бас-көз бола алмағаны үшін 50 мың теңге өтемақы беруге даяр екенін білдірді.
Психикалық дамуы тежелген егіз ұлын Гүлбану Жамбозова жекеменшік оңалту орталығына емдетуге әкеліпті. 88 мың теңге ақшасын төлеп, балаларының денсаулығы түзелер деген үмітте болған. "Бәрі керсінше болды", – деп күрсінеді әйел. Осындағы әткеншектен құлаған бір ұлының башпайы, екіншісінің қолы сынған. Балаларының жарақат алғанын тек кешкілік үйіне алып кетер кезде ғана біледі. Оңалту орталығындағылар ата-анасына ескертпегені былай тұрсын, жедел жәрдем де шақырмады деп отыр.
Оңалту орталығының басшылары сол күні-ақ балалардың анасынан кешірім сұрап, алдынан өттік деп ақталады. Қол-аяғы сынған егіз ұл үшін небәрі елу мың теңге моральдық шығын өтеуге дайын. Бірақ мұнымен келіншек келіспейді.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасындағылар жекеменшік оңалту орталықтарына қандайда бір шара қолдануға құқымыз жоқ дейді. Тек ескерту айтып, кеңес берумен ғана шектеледі.
Қол-аяғы сынған егіз ұлдың анасы тәртіп сақшыларына арызданған. Олар қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізбекші.