Жүргізушілерге салынатын айыппұлдан 50 пайыз жеңілдікті алып тастау ұсынылды
Парламент Сенатының депутаты Марат Қожаев жол ережесін өрескел әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде жол ережелерін бұзу фактілері көбейе түскен. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай реестріне сәйкес, 2024 жылы Алматыда жол ережесін бұзудың 4,2 млн фактісі тіркелген. Олардың басым бөлігі автоматты түрде тіркейтін техникалық құралдардың көмегімен анықталған.
Депутаттың айтуынша, қалталы жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен қашудың тетігі деп қабылдайды. Мәселен, Алматыда бір жүргізуші бір жыл ішінде 143 рет жол ережесін бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.
Осы орайда Қожаев халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Германияда айыппұл балы жүйесі жұмыс істесе, Францияда жол ережесін қайта бұзғаны үшін уақытша жүргізуші куәлігінен айырады. Ал Сингапурде жол ережесін өрескел бұзатындарды қайтадан емтихан тапсыруды міндеттеп қойған, кей жағдайда тіпті көлігін тәркілейді.
Депутат осыған ұқсас қатаң жазаларды біздің елімізде де енгізуді ұсынды.