ҚЫЗЫЛОРДАДА ӘЙЕЛІН СОҚҚЫҒА ЖЫҚҚАН ЭКС-ПОЛИЦЕЙДІҢ ІСІ ҚЫСҚАРТЫЛДЫ
Қызылордада полицей күйеуінен жәбір көрген Аруна Аманова жолдасы жауапкершіліктен сытылып кеткеніне наразылық білдіруде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Отбасындағы зорлық-зомбылық бұл - қазіргі біздің дамыған қоғамымыздың көкейтесті мәселесі. Ең сорақысы нәтижесінде әйелдер зардап шегуде. Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын жүкті келіншектің 3 қабаттан құлағаны жайында ақпарат таратқан болатынбыз. Міне тура бір жыл уақыттан соң жәбірленуші Аруна Аманова «полицей күйеудің» ісі жабылып қалды деп БАҚ өкілдерінен көмек сұрауда.
4 қараша күні аяғы ауыр келіншегін соққыға жыққан майор жауыздық танытса да жауапкершіліктен сытылып отыр. Ал 1- топ мүгедегі атанған Арунаның ісі бойынша сол кезде аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы кінәлілерді жазалау туралы тапсырма берген болатын. Алайда жергілікті полицейлер қылмыстың айғағы болмағандықтан істі қысқартқан дейді жәбірленуші.
«Менің ісім сотқа жетпей қысқартылып кетті. Бұрынғы жолдасымның көрсеткен озбырлығы ескерілмей, «өз-өзіне қол жұмсау» бойынша істі қарастырған. Аяғы ауыр мен өзіме қол жұмсайтын адам емеспін. Жолдасымның қылғындырып, ұрғаны бәрі есімде. Ал 3-қабаттан секірді деу қателік мен арқаммен құлағандықтан омыртқам сынған. Соның кесірінен 1-топмүгедегі атандым», - дейді Аруна.
Аталмыш мәселе бойынша Қызылорда облыстық полиция департаменті:
«Аталған дерекке қатысты 04 қараша 2022 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) қылмыстық іс тіркелген.
Қызылорда облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен жәбірленуші тараптың көрсеткен уәждері мұқият тексеріліп, барлық тиісті сот-сараптамалары тағайындалып, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілген.
Нәтижесі бойынша ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған.
Қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігі Қызылорда облысының прокуратурасымен зерделеніп, шешім бекітілген.
Сонымен қатар 18.11.2022 жылы полиция қызметкері Ішкі істер органдарынан шығарылған», -деп ресми мәлімдеген.