Жамбыл облысында жалған мектептің ашылу салтанатын өткізген шенділердің көзбояушылық әрекеті әшкере болды
2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары науқанға айналғандай. Жолдауда айтқан президент тапсырмасын орындағандай кейіп танытқан кей өңірлерде білім ұялары тек көзбояушылықпен ашылған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Мәселен, Жамбыл облысында бірінші қыркүйек күні салтанатты түрде лентасы қиылған мектепте бүгінде бір де бір оқушы жоқ. Өйткені санда бар да санатта жоқ мектеп бала қабылдауға қауқарсыз.
Шары ілініп, шатырлар қойылып білім күніне әсем безендірілген мектеп лентасы 1-ші қыркүйекте қиылды. Ашылу салтанатына келген меймандар төрінде облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, білім басқармасының басшылары болған. Сөз алғандар бұл қуаныш президент жолдауында айтылған жоспардың жемісі екенін жеткізіп жатты. Оқу ұясы биыл ғана бой көтерген. Келген меймандар тебірене сөйлеп оқушыларды ынталы болуға, оқығанды көңілге тоқуға әдемі сөзбен әспеттеп жеткізіп жатты.
Бірақ мектеп мақтауын келістірген мәслихат хатшысы біраз шындықты бүгіп қалыпты. Шын мәнісінде оқу ұясы бала қабылдауға қауқарсыз. Ал мұндағы жиын әдемі қойылым екен. Тек көріністі әртістер емес өзге мектептің оқушылары мен мұғалімдері шебер сомдап шыққан. Бүгінде мұнда бірде бір бала қабылданбаған. Тіпті оқу ұясы білім басқармасының қарамағына өтпеген. Жақын тұрған нөмірі 50-ші мектептің мұғалімдері мен оқушылары шақыртылған.
Қарамағындағы мұғалімдердің басқа мектепке неге барғанын түсіндіруге тырысқан директор не айтарын білмеді. Ал балаларымыз жақын жерден жаңа мектепке барады деген Қайнар алқабының тұрғындары бұл алдамшы қойылымға алданып қалғандарын айтады.
Қазір бұл мектеп су, жарық жүйесіне жалғанбаған. Тіпті қабылданып алынбаған. Бірақ жергілікті биліктің бітпеген мектепті неге күн бұрын сүйіншілеп ашқаны түсініксіз. Бұл жайтқа білім басқармасынан ешкім жауап бере алмады.