Оқушылар жаппай мектеп асханасынан ұшынуда
216
Алматыда ата-аналар мектеп асханасындағы тамақтың сапасына шағымданды. Сөздерінше, тоғыз жылдан бері оқушыларға шала піскен ет пен күйген котлет беріп келген. Салдарынан балалардың кейбірі ауруханадан бір-ақ шыққан, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі
Ата-аналар №117 мектептің асханасына қатысты мәселе 9 жылдан бері шешілмей келгенін айтады. Олар балаларға шала піскен тамақ береді деп ашулы. Сөздерінше, оқушылар тамақ ішпей, мектептен аш-құрсақ қайтады, кейбірі ұшынып, ауруханаға да түскен.
"Біздің сыныпта улану дерегі болды. Бұл туралы анықтама да бар. Жалғыз жағдай емес, балалардың денесі бөртіп кетеді. Әрі желінбеген көп тамақты жинап жатқанын өзіміз де көрдік", - дейді ата-аналардың бірі Әсел Меметова.
"Мен олардан тамақты дұрыс дайындауларын сұрадым. Ал асхана басшылығы "Ұнамаса, жемеңдер" деп шығарып салды. Мұндай бассыздыққа енді шыдай алмаймыз", – деп қосты Анжелика Бесенова.
Ал асхана иесі мұны жоққа шығарған. Айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық станция тарапынан ешқандай шағым түспеген.
"Барлығы дұрыс. Ата-аналардан осы күнге дейін арыз болмаған. Мұндай жалған ақпараттың қайдан түсетінін білмеймін. Менің 35 жылдың еңбек өтілім бар және мені осылай аяқтан шалғаны ұят", – деді кәсіпкер Баян Мәмбетова.
Ата-аналар шағымынан кейін асаханада Оқу-ағарту министрлігі мен ведомствоаралық комиссия өкілдері тексеріс жүргізген. Дегенмен тексеріс үшін ғана шыны ыдыстарды шығарып, тамақ мөлшерін көбейтіп үлгерген, дейді. Нәтижесінде астың талапқа сай дайындалмағаны туралы акт толтырылыпты.
"Екі комиссия тамақтарды көріп, өлшеп, акт толтырды. Енді біз шартты бұзамыз", – деді №117 жалпы білім беру мектебінің директоры Гүлдана Самаликова.
Аталған мектепте 3 000-ға жуық бала білім алады. Оның 1 300-ге жуығы мемлекет тарапынан ыстық тамақпен қамтылған. Білім ордасының басшылығы жаңа кәсіпкерлерді тауып, мәселені толық шешетінін айтты.