Елордада Ыбырай Алтынсариннің бюсті ашылды

364
Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Ұстаздар күні қарсаңында ұлы ағартушы, қоғам қайраткері – Ыбырай Алтынсариннің бюсті ашылды, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.


Ыбырай Алтынсарин бюсті елордадағы №83 мектептің алдына орнатылды. Бюсттің биіктігі тұғырын қоса алғанда 4 метрден асады. Туынды авторы – Нұрбол Қалиев. Бюстің тұғыры граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан құйылған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ақын, қоғам қайраткері Несіпбек Айтұлы және басқа да қоғам өкілдері қатысты.
«Ел тарихындағы елеулі тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз. Бүгін біз қазақ халқының аяулы перзенті саналы ғұмырын, қажыр-қайратын бала тәрбиелеуге және халықтың ағарту ісіне арнаған ұлы тұлғамыз Ы.Алтынсариннің бюстін ашуға жиналып отырмыз. Бұл ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған игі шара деп есептейміз. Алдағы уақытта дәл осы №83 орта мектебіне Ы.Алтынсариннің есімі беріледі деген жоспарымыз бар. Мұндай игі бастамаларды ары қарай да жалғастыра береміз. Осы жыл ел тарихындағы ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Ендігі кезекте осы сәтті пайдалана отырып барша ұстаздар қауымын ертеңгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсыңызға зор денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміздің гүлденуі үшін тамшыдай болса да үлесімізді қоса берейік!», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Бюсттің салтанатты ашылуына қатысқан қоғам қайраткерлері «Алтынсарин армандаған күнге бүгінгі ұрпақ жетіп отыр», деді.