7 баланың анасына ауылдастары асарлатып үй алып берді

390

Фото: видеодан кадрАлматы облысы Нұра ауылының тұрғындары көпбалалы отбасыға асарлатып жаңа үй алып беруге күш салды. Жаңа пәтер тұрғындарының бұрынғы үйі толықтай өртеніп кеткен еді.
                     Бүтін бір отбасының далада қалуына себепші болған өрт электр желісіндегі ақаудың салдарынан туындаған. Жеті баланың анасы Махаббат өрт болған түні күйеуі жұмыста болғанын айтады. Өртті алғашқы болып жеті жасар қызы байқаған екен. Ол лезде үйдегілерді оятып, бәрі сыртқа шығып үлгерген. "Балаларымды ұстап, далаға жүгіріп шықтым. Оларды көршілерде қалдырып, көрші-қолаңмен өртті сөндірмек болдық. Алайда өртті тоқтату мүмкін болмады. Үй толықтай өртеніп кетті. Балаларым аман қалғанына Аллаға шүкір", - дейді Махаббат. Ауылдастары көпбалалы отбасыға киім мен ас-суын жағынан көмектесіп қана қоймай үй алып беру туралы шешімге келген. 
                     Осылайша  қаражат жиналып, Нұра ауылының 3 мыңнан астам тұрғыны мен кәсіпкердің арқасында отбасы үйлі болған. "Жергілікті тұрғындар бір миллион теңге жинады. Одан бөлек, алматылық бизнесмен Біләл Ушуровтың көмегі зор болды. Ол 3,5 миллион теңге берді. Бұл қаражатқа Әбдірахмановтар отбасына үй сатып алдық", - дейді мектеп директоры Ысқақ Салманов. Көпбалалы отбасы жаңа үйді сыйға тартқан адамдарға алғысын жаудырды. Олар қиындық артта қалып, үйлі болғандарына сене алмай отырғандарын жасырмады.