Құрбан айт мерекесінде малды құрбандыққа шалу рәсімі қалай өтпек?

690

28 маусымда Қазақстанда мұсылмандардың басты мерекелерінің бірі – Құрбан айт мерекесін тойлайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, құрбандыққа шалынған малдың еті әдетте үшке бөлінеді.


“Бірінші бөлігі отбасына қалдырылады, екінші бөлігі туыстарына беріледі, ал үшінші бөлігі мұқтаждарға таратылуы керек”, – дейді имам.


Құрбандық шалу – Құрбан айт мейрамының ерекше қасиеті. Мұсылмандар осылайша күнәларын өтейді, сонымен қатар адам баласына жіберілген барлық нығметтерге Аллаға шүкіршілік етеді. Жануар кем дегенде алты айлық және сау болуы керек. Адам өз атынан немесе отбасының атынан құрбандық шала  алады. Оны арнайы орындарда жасауы тиіс.


“Исламда құрбандықтың сауабы өте көп. Оның да түр түрі бар. Мысалы, нәзір құрбан "Алланың атымен құрбандық шаламын" деген сөзбен орындалады. Мысалы, ұлы әскерден аман-есен оралса. Мұндай етті құрбандыққа шалған адам жей алмайды, мұқтаж жандарға үлестірілуі керек”, – деп түсіндіреді Хазірет Сұлтан мешітінің найб-имамы Жұманазар Садырханов.


Жеке құрбандық шалуға мүмкіндігі жоқтар үшін онлайн рәсім қызметі бар екенін айта кетейік. Кез келген адам "Kurban-2023.kz" сайтына тіркеліп, белгілі бір соманы сала алады. Осыдан кейін сізге құрбандықтың бейнежазбасы ұсынылады, қаласаңыз, құрбандық малының етінің бір бөлігі үйіңізге жеткізіледі.


Қарыз алып құрбан шалуға бола ма – Діни басқарма жауап берді


Күйеуі мен әйелі қандай жағдайда жеке-жеке құрбан шалады

“Желіде құрбандық шалғандардың аты-жөні жазылған рәсім видеоға түсіріледі. Осыдан кейін бейне барлық алушыларға жіберіледі. Ал ет жеткізуге өтініштер мерекеге бір күн қалғанда ашылады. Мыңдаған мұқтаж жандарға ет таратуды жоспарлап отырмыз”, – дейді Ақтөбе облыстың “Нұр ғасыр” мешітінің найб-имамы Нұрбол Смағұлов. 


Санитарлық дәрігерлер өз кезегінде тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Санитарлық нормаларды сақтамау жұқпалы ішек инфекцияларына қауіп төндіреді. Мамандар жаппай уланудан да сақтандырады. Естеріңізге сала кетейік, Құрбан айт мерекесі дәстүр бойынша үш күнге созылады. Биыл бірінші күн 28 маусымға сәйкес келеді. Бұл күні еліміз бойынша демалыс жарияланған.


Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ескертуі:


  • Құрбандық шалу алаңдарының іргелес аумақтарын санитарлық тазалау және аумақты шаң-тозаңнан суаруды қамтамасыз ету қажет;
  • Союға арналған қоқыс контейнерлерін орнату қажет;
  • Сумен жабдықтау және канализацияны қамтамасыз ету керек;
  • Қызметкерлер мен келушілер үшін инвентарлық заттарды зарарсыздандыру және дезинфекциялау және қолды жуу үшін құрылғыны дайындау керек;
  • Мал союшыларды арнайы киіммен қамтамасыз ету;
  • Етті сақтау үшін тоңазытқыш қондырғылармен қамтамасыз ету;
  • Белгісіз жерлерде малды заңсыз сою және ет өнімдерін рұқсатсыз сату фактілеріне жол бермеу.