"Молдағұлова қоқыста жатыр"...
Ақтөбеде осыған дейін тарихи өлкетану мұражайы болып келген ғимарат ішінде Әлия Молдағұлова бастаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреті қоқыс болып жатыр. Қазақ үшін киелі болып келген шаңырақ пен бесікті де ескі мұражайдың ішіндегі қоқыс арасынан табуға болады.
Мұражай жәдігерлері жаңа ғимаратқа көшірілгенде қалып қойған бұйымдар қараусыз қалғаны тұрғындарды алаңдатты.
"Бұл не масқара?! Әлия Молдағұлованың суретін қоқыс қылып тастағаны қалай? Мына жерде қаншама соғыс ардагерлерінің суреті жатыр. Бұл суреттер жоғарыда тұру керек. Мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс мүліктер неге бұлай шашылады",- дейді Нұрсұлтан есімді қала тұрғыны.
Ескі ғимарат қаңғыбастар мекеніне айналғандай, тарихи жәдігерлердің қасында тұрмыстық заттар да жатыр. Қалалық мәдениет бөлімі ғимарат есігін белгісіз біреудердің ашып кететінін растайды. Бірақ ол туралы құқық қорғау қызметкерлеріне шағым түсірмеген.
"Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысымен Алтынсарин көшесіндегі өлкетану мұражайының ғимараты биыл ақпан айында қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің балансына берілді. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы шыққан соң бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне беріледі. Коворкинг те болады. Экспонаттардың барлығы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тиесілі. Олар алып кетті. Бейсенбі, сенбі күндері жан-жағындағы қоқысты жинаймыз, ішінде емес. Күнде ашық тұрған жоқ. Біз құлып сатып қойдық. Біз ішін бекетіп тастадық. Бірақ белгісіз біреулер кіріп ашып кетеді", - Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа 2018 жылдың қарашасында көшкен.
Мәдениет қызметкерлерінің үш жылға жуық уақыт ішінде не себепті тарихи жәдігерлерді сақтауға әрекет етпегені түсініксіз.