Әлихан мұрасы – ұлт қазынасы

376
Мемлекеттік сыйлықтың аламан бәйгесіне ұсы­ныл­ған құнды туындылардың ішінде Әлихан Бөкей­ханның толық шығармалары да бар - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

5 томдық «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы шығармалары», «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты монография мен «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясын құрас­тырған ғылыми топтың жетекшісі, 1991 жылдан бастап Әлихан Бөкей­ханның телегей теңіз мұрасын арнайы зерттеу та­қырыбына айналдырып, оларды жыл сайын толықтырып, ой елегінен өткізіп, жаңаша зерделеп, бүгінде орыс, ағыл­шын, украин және түрік тілдеріне аударып, күллі әлемге паш етуге әрекеттеніп жүрген – әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы.
Осыдан 30 жыл бұрын жарияланған тәуел­сіздігіміз туралы сөз қозғал­ған­да өткен ғасырдың басында қазақ қоға­мын өркениетті елдер қатарына қосуды арман­даған ұлттық саяси, интеллектуалды элита өкіл­дерінің көшбасшысы Әлихан Бөкей­хан­ның азаттық жолындағы қиян-кескі күресі мен халқына қалтқысыз қызметін айқындай­тын төл тарихымыздан айналып өте алмай­мыз. Өйткені тағы да Әли­ханша айтсақ, «өзі­нің тарихын ұмытқан ел не істеп, не қой­ғанын білмейді». Шын мәнісінде, бүгінгі тәуел­сіздігіміздің қадір-қасиетін жете түсіну үшін, біз алдымен Әлихан Бөкейханның мұра­сын толық игеруіміз қажет, одан кейінгі са­ты­сы – өске­лең ұрпаққа жеткізу, насихат­тау. Тәуелсіз­дігіміз­дің 30 жылдық тарихында Әлихан Бөкей­ханның мұрасы айтарлықтай жинақ­талды деуге болады. «Қазақстан тари­хын оқыту тұжырымдамасы» қабылданған 1992 жылдың қыркүйегінде алдымен «Жазу­шы» баспасына, содан соң «Қазақ эн­цик­лопе­диясына» Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген мұрасының 3 томдық тұңғыш жинағы тапсырылған. Алайда аумалы-өтпелі кезеңнің салдарынан болар, сол 3 томдық жинақ «Қазақ энциклопе­дия­сын­да» үш жылдай қозғалыссыз жатып қа­ла­ды. Тек араға екі жыл салып, 1995 жыл­дың қа­ра­шасында «Әлихан Бөкейхан. Таң­дамалы – Избранное» деген атаумен 3 том­дық барын­ша қысқартылып, баспадан 1-томдық болып жарық көреді.
Сонау 90-жылдардың ортасында Әли­хан Бөкейханның таңдамалы шы­ғар­­ма­ларын Санкт-Петербор, Мәскеу, Са­мара, Орын­бор, Ташкент, Омбы, Томск, Се­мей, Ал­ма­ты сияқты қалалардағы кітапхана, му­зей және архив қорларынан жинап, ғылыми айналымға енгізуге өзіндік үлес қосқандар­дың бірі – сол кездегі өрімдей жас жігіт Сұл­тан Хан Аққұлы болатын. Ол ұлт көшбас­шы­сының мұрасын тірнектеп жи­нап, топтас­тырып жинақ шығарумен ғана шектелмей, 1992-1995 жылдары 7 сериялы «Қыр баласы», одан соң «Абай және Әлихан» атты деректі фильмдердің сценарийлерін жазады әрі солардың жүргізушісі болады. Бұл фильм­дердің Тәуелсіз Қазақстанның орталық те­леар­насынан сол жылдары үзбей көрсетіліп тұрғаны, қазіргі зиялы қауымның есінде болар. 1995 жылы Сұлтан Хан Ақ­құлы «Қазақ Энциклопедиясынан» шыққан жаңағы «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» жинағын құрастырып, ғылыми түсініктері мен библиографиялық көрсет­кішін жазады, баспаға әзірлейді. Жинаққа Ә.Бөкейханның қазақ және орыс тілдерін­дегі ғылыми зерт­теулері, монографиялары, мақалалары, сөз­дері, баядамалары, аударма­лары мен хаттары жи­нақталады. Әрине, бұл істің басы-қасында оның ғылымдағы нар­тұл­ға ұстазы әрі ғы­лыми жетекшісі М.Базар­баев тұрды. Ол алғаш рет бұрынғы кеңестік әдебиетте қалыптасқан «Қыр баласы – Елағасының» ресми құжат­тар­дағы тегіне қатысты өз тұжырымдарын жасап, ендігі жерде ғылыми әдебиетте Әли­хан Бөкейхан деп дұрыс жазылуын негіздеп берді. Бұл қадам, кейінірек жас ғалымдардың құ­жат рәсім­деу кезінде тегін «-ов»-сыз жазуға түрткі болды. Мысалы, Дихан Қамзабекұлы, Ақ­­жігіт Әлібекұлы және т.б. ғылым жо­лын­дағы азаматтарды айтуға болады.
Міне, содан бері Сұлтан Хан Аққұлы ты­­нымсыз ізденіс үстінде келеді. Осы уақытқа дейін автордың «Әлихан Бөкей­хан. Шығармалары – Сочинения» 15 том­дық жинағы; қазақ тілінде 2 томдық «Әли­хан Бөкей­хан. Қазақ жерінің жоқ­шысы» атты (2017), ағылшын тілінде
1 том­дық Alikhan Bokeykhan. The Unifier of Kazakh Lands атты (2017), украин тілінде «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» (Украина, 2017) және орыс тілінде 2 томдық «Алихан Букейхан. Соби­ратель казахских земель» монографиялары (2017); «Әлихан Бө­кейхан» тұлғалық энцик­лопедиясы. («Қа­зақ энциклопедиясы», 2018) атты ғылыми-зерттеу еңбектері жарыққа шық­ты.
Ерекше атап өтетін мәселе – жоғарыда аталған «Әлихан Бөкейхан. Қазақ же­­рі­нің жоқшысы» атты монография – қа­зақ, ағылшын, украин және орыс тілдерінде жа­зыл­ған тұңғыш ғылыми еңбек. Осы күні бұл монография 80 миллионға жуық оқыр­маны бар түрік тіліне аударылып, Әлихан Бө­кей­­хан­ның туғанына 155 жыл толу құр­метіне осы жылдың соңында Анкара қала­сында жа­рыққа шығады деп жоспарланып отыр.
Белгілі қоғам қайраткері, экс-сенатор Сабыр Қасымовтың мәліметтеріне қара­сақ, Әлихан Бөкейхан шығармалары­ның алғаш­қы 3 томдығы Қазақстан Респуб­ли­касы Мәде­ниет және спорт министрлі­гінің «Әлеу­меттік маңызды әдебиет» ба­ғ­дарламасы бойын­ша 2009 жылы, 4-5 том­дары 2010 жы­лы, 6-9 томдары 2013 жылы басылып шықты.
Терең ізденіс пен зерттеулерге құрыл­ған таңдамалы шығармалар мен мо­­ног­рафиялар ресейлік «Степной край», «Ир­тыш», «Семипалатинский листок», «Изве­с­тия Западно-Сибирского отдела ИРГО», «Си­бирс­кие вопросы» және ұлттық «Қа­­зақ», «Сарыар­қа», «Бірлік туы», «Ақ жол», «Ең­бекші қазақ» сын­ды басылымдарда «Қыр баласы», «Түрік ба­ласы», «Қ.Б.», «Сын степей», «Ал.-Кочевник», «Статистик», «Старый Степ­няк» деген 40-қа жуық бүркеншік есімімен белгілі Әлихан Бөкейханның (1866-1937) қоғамдық-саяси және ғылыми-ағартушы­лық қызметінің әртүрлі қырларын объек­тивті тұрғыдан ашуға арналған. Ә.Бөкей­хан­ның саналы өмірі мен күреске толы қыз­метін зерттеу бары­­сында С.Аққұлының Кеңес Одағы күй­ре­мей тұрған 1991 жылдың тамызында ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінің (КГБ СССР) Мәскеудегі орталық мұрағатынан Ә.Бөкейханның ісіне тұңғыш қол жеткізіп, зерттегенін ерекше атап өтке­німіз де жөн болар.
Автор Ә.Бөкейханның өмірі мен қыз­метін 5 кезеңге бөліп қарастырады: бірінші кезеңі – дүниеге келген 1866 жылдан Қар­қаралы, Омбы, С.-Петерборда білім алған «Өсу кезеңі», елге (Омбы – ол кезде Ақмола облысының құрамына қарайтын – К.І.) қайта оралып, алдымен публицистік, жур­на­листік қырынан танылып, одан көшпелі тұрмыстан жартылай отырықшылыққа көшкен хал­қы­ның бүкіл тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, жалпы мәдениетін, жер-суын зерттеген ғұ­лама ғалым, Алаш қозға­лысын қалыптас­ты­рып, оған жетекшілік еткен ұлт көшбасшы­сына айналған 1908 жылға дейінгі «Омбы ке­зеңі», 1909-1917 жыл­дар аралығын қамти­тын «Самар кезеңі», 1917-1920 жылдар ара­лы­ғындағы «Ала­ш­орда кезеңі», 1922-1937 жыл­дар аралығын қамтитын «Мәскеу кезеңі». Өмірінің үшінші «Самар кезеңінде» Ә.Бөкей­хан Самара қала­сында тұрады, саяси эмигра­цияда жүріп, Петербор, Орынбор, Мәскеу, Минск, Киев қалаларында болған, жұмбаққа толы бұл кезеңде Ә.Бөкейхан масондық қыз­метімен де ерекшеленеді. Кеңестік билік сал­танат құрған жылдарымен тұстап-тұс келе­тін бесінші, яғни ғұмырының ақтық мәскеулік кезеңінде Ә.Бөкейхан алашорда­шы­ларға рақымшылық жасалуына қарамас­тан, тағы да үш дүркін (1920, 1922, 1926 жж.) тұт­қындалады. Соған қарамастан Ә.Бөкей­хан, екінші рет 1906 жылғы Тұзқалада ұстал­ған кездегі «керегі мен болсам, мен қашпай­мын» деген сөзін қайталағандай болып, кеңес өкіметінің өзін күштеп Мәскеуде ұстауына да көнеді. 1925 жылдан ақырғы рет тұтқын­далған 1937 жылдың шілдесіне дейін НКВД-ның қатаң бақылауына алынады.
1937 жылғы жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кесілген Ә.Бөкейхан өзінен кейінгі ұрпағына орасан мол өшпес мұра қал­дырды. Ол универсал тұлға болды. Стра­тег саясаткер, қайраткерлігін былай қойған­да, қазіргі журналистика, көсемсөзші, әде­биеттану, фольклортану, заң, тарих және этнография, экономика мен ауыл шаруа­шылығы, жер қатынастары мен тіпті астро­номия сияқты жаратылыстану ғылым салалары бойынша зерттеулер жазған. Ол Императорлық Орыс географиялық қоғамы (ИОГҚ) Батыс Сібір бөлі­мінің әрі оның басқарушы комитетінің (Распорядительный комитет. – К.І.) мүшесі болған (1896-1908), Қа­зақ далалық аума­ғындағы «артық жер­лерді» айқындау мақ­сатында жасақталған Ф.Щербина (1897-1901) мен С.Швецов (1902-1903) экспеди­ция­ларына қатысып, ресей­лік ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене араласқан. Оның нәти­желері туралы әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жері­нің жоқшысы» деп аталатын мо­ног­рафия­сында терең, жан-жақты әрі бірың­ғай та­рихи деректер негізінде сипатталған.
Ә.Бөкейханның негізгі мамандығы «ор­мантанушы ғалым» болғандықтан, ол туған өлкесінің тарихына, табиғатына, ауа райы­на жә­не флорасы мен фаунасына қатыс­ты де­рек­терді өте жетік білген. Қазақстанның да­ла­лық өлкесін зерттеген «Щербина экспе­диция» жұмысын толық аяқтай алмаса да, Семей және Ақмола Дала өлкесінің 12 оязы бойынша керемет құнды ғылыми-статис­ти­калық материалдар жинап, оларға мұ­қият тал­дау жүргізіп, зерделеп, 1899-1909 жыл­­дар аралығында «Материалы по кир­гизскому зем­лепользованию, собранные и обра­бо­танные экспедицией под руко­водством Ф.А. Щербины» атты 11 томдық еңбек жариялан­ды. Осылардың ішінен 4, 6, 9 және 11 том­дарын­дағы материалдар Әли­хан Бөкейхан­ның тікелей қатысумен бас­паға дайындалған.
1899 жылы құрылған Мәскеу ауыл­шаруа­­шы­лық қоғамының Омбы бөлімі бас­шыла­ры­ның бірі ретінде Ә. Бөкейхан 1904 жылы Ом­быда өткен «сүт шаруашы­лығы мен мал шаруа­шылығы қызметкер­лері­нің» съезіне қа­тысып, қазақ малшы­лары­ның сүт пен май өндірудегі қиындық­тарын шешу және осы саланы дамыту, қазақ қойы, сиыры мен жылқы тұқымын жақ­сарту жөнінде баяндама жасады. Ол бұған дейінгі жарияланымдарында да Ақмола мен Семей облысының қазақтары арасында ауылшаруашылық өнімдерін дамытуды, соның ішінде артельдерге бірігіп, май-сүт жасайтын өндірушілерді қолдауды, алаяқ­тармен, іштен шыққан жалған сауда­герлер­мен күресуді да қадап айтады.
Ресей империясының Қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру ар­қылы отарлау саясатын петерборлық «Си­бирские вопросы» журналы, «Речь», «Му­суль­манская газета», «В мире мусульманства», мәскеулік «Сын отечества» газеттері, өзі бас редакторы болған омбылық «Иртыш», «Омич», «Голос степи», семейлік «Семипа­латинский листок» газеттерінде жария­лан­ған ондаған шағын және көлемді мақа­ла­лары мен зерттеулерінде әшкерелеп, сыни көзқарасын білдіреді. «Аграрлық мәселе түбегейлі шешілуі керек, ал оны шешуге бюрократия дәрменсіз, – деп ашына жазады «Сын степей», – ол тек халықтың шынайы өкілеттігінің (Мемлекеттік Дума. – К.І.) қо­лынан ғана келеді».
Автор «Әлихан Бөкейхан. Аманат» деп аталатын 2 томда «Қыр баласының» са­маралық кезеңінің құпиясын жан-жақты ашуға тырысқан. Ә.Бөкейханның ОГПУ тергеушісіне берген түсініктемесі бойынша, ол «1909 жылдан 1917 жылға дейін Самара Дон жер банкісінде жер бағалаушы (так­сатор) ретінде жұмыс істеген». Міне, осы және өзге де өзекті тақырыптарға арқау болған Әлихан Бөкейханның таңдамалы шығармаларындағы қазақ қоғамының пайдасына асатын ой-тұжырымдарды наси­хаттау – бізде әлі де жеткіліксіз. Орайы кел­­генде айтарымыз, Әлихан мұрасын, әрине, алдымен зиялы қауым өкілдерінің өз­дері тереңірек игеруді ниет етсе, біз ал­майтын асу да, алынбайтын қамал да бол­мас еді, қа­зіргі күрмеуі қиын проблемалар да өз­дігінен оп-оңай шешілер еді.