САНДАР ДА СӨЙЛЕЙДІ...

894
Нумерология – ежелден келе жатқан ғылымдардың бірі. Ол жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға көмектеседі.  Нумеролог Байырбек Гүлназбен Opennews.kz тілішісі сұхбаттасқан еді.

Қайырлы күн, Гүлназ ханым! Алғашқы сұрағым нумерология саласына дейін, қай салада қызмет атқардыныз сол туралы айта кетсеңіз. Нумерологияға келуіңізге не себеп болды?
 
- Қайырлы күн! Менің негізгі мамандығым - мұғалім. Мені  бұл жұмысым өзімді қызықтырмайтынын, қанағаттандырмайтынын сезетінмін. Содан кейін іздене бастадым. Бір күні интернет желісінен бір нумерологтың жазбасын оқып, қызықтым.  Бірақ бұл салаға бірден келмедім. Зерттедім, адам баласына не беретіні пайдасы мен зияны жайлы оқыдым.
 
Нумерология адамдарға қалай көмектесе алады?
 
Жалпы нумерология саласының адам өміріне пайдасы, берері көп. Адамның туған күнін есептеу арқылы әлсіз тұстары мен мықты жақтарын анықтауға болады. Әлсіз тұстарын дамытып, жақсартуға жұмыс жасайды. Өзінің мықты тұстарын одан әрі дамытып, өмірін өзгертуге бағыт береді.
 
Көбіне адамдар сізден қандай тақырыптарға байланысты кеңес алуға жүгінеді?
 
Көбіне жұмысына көңілі толмай, жұмысын өзгерткісі келетін адамдар хабарласады. Қай салаға бет бұрғаным дұрыс, бұл менікі емес секілді деген сұрақтармен көп жүгінеді. Айта кететін жағдай  30 жастан асқан адамдар кеңес алуға көптеп хабарласады. Себебі, 30 жастан кейін адамның ой-өрісі өзгеріп, менің жасап жүргенім дұрыс па, өмірде өз орнымды таптым ба деген ойлар келе бастайды. Өзін-өзі тану мақсатында жұмыс жасайды. Қазіргі кезде  ата-аналар балаларының нумерологиясын көп есептетеді.
 
 
 
 
 
Кез-келген ғылым сияқты нумерологияны қалаған уақытта оқып үйренуге болады ма? Ол үшін арнайы курстар бар ма?
 
Иә,әрине оқып үйренуге болады. Оқытып, үйрететін арнайы курстар бар. Ең бастысы үйренемін деген ниетініз болса болды.
 
Барлық сандарды нақты жүйелеп барып қана, адамның нумерологиясын есептеп шығаруға болады екен. Дегенімен, әр санның өз мағынасы бар шығар?
 
Әр санның өзінің мағынасы,жауап беретін қасиеттері болады.Шындығында  сандар да сөйлейді. Тек оны ұғыну керек. Сандардың бір біріне беретін әсерін саралай отырып, есептей келе ақпарат беріледі.
 
Нумерология мен астрология екеуі де болашаққа болжам беретіндігін білеміз. Десек те екі ілімнің байланысы бар ма ?
 
Нумерологияны жалпы астрологиямен байланыстырып жатады. Бірақ мен үшін нумерология өзі бөлек ғылымның бір түрі. Мен астрология саласымен айналыспағандықтан екеуін байланыстыра алмаймын. Жалпы әрқайсысы бөлек сала,байланыстырудың керегі жоқ.
 
Туылған күн адам тағдырына қаншалықты әсер етеді?
Бір күнде бірнеше адам дүниеге келетіні мәлім, алайда ол кісілердің тағдырлары әр түрлі болып келеді. Сіз туған күнінен бөлек, тағы неге сүйеніп болжам жасайсыз?
 
Әрине әсері бар.Нақты туған күнінен бөлек адамның мінезіне, өміріне аты- жөні де әсерін тигізеді. Аты-жөніндегі әр әріпке сәйкес сан болады.Сол сандарды қосымша есептеу арқылы сипаттама береміз. Одан бөлек адамдардың алған тәрбиесі  мен қоршаған ортасы да әр түрлі болады. Ол тағдырлардың әр түрлі болып келуіне ықпал жасайды.
 
 
 
 
Cандарды «бақытты», «бақытсыз» деп қарастыратындар да бар. Мысалы, Қытайда 4 саны   болса, Ресей және Еуропа елдерінде 13 деген саннан қорқады. Ал біздің халық 7 санын киелі және қасиетті деп есептейді. Бұл тек жай ғана сенім бе, әлде осы сандар расында адам өміріне кесірін тигізеді ме?
 
Сандарды бақытты, бақытсыз деп бөлу менің ойымша дұрыс емес. Себебі адамға бақытты сандар әкелмейді. Сандар адамдарға тек бағыт- бағдар береді.  Ал Ресей, Қытай елдерінің  белгілі бір сандардан қорқуы, қазақ халқының 7 санын киелі деп санауы, ол сенімдері мен менталитеттеріне байланысты қалыптасқан дүние деп білемін.
 
Әр күннің өз саны болады екен. Осы жайлы толығырақ айтсаңыз?
 
Иә, әр күннің өз саны болады. Бұл күндерді алдын-ала жоспарлау үшін есептелінеді. Ол күні не жасауға болады немесе  болады, соны білу мақсатында.
 
Сынаққа қалай қарайсыз? Яғни, әріптесіміздің біріне сандық болжам жасап бере аласыз ба? Болашақ 2022 жылға қысқаша түрде өз болжамыңызды айтсаңыз?
 
Негізінде жылдық болжамды бірнеше бағыттар бойынша қарастырамын. Сынақты да, сынды да жақсы қабылдаймын. Мен сандардың қосындысымен жұмыс жасаймын. Ал, әріптесіңізге келер болсақ Жалпы 2022 жыл сәтті, қолайлы жыл болмақ. Қарым-қатынас жағынан қолайлы жыл болары анық. Өз адамын кезіктіріп, тұрмысқа шығуы да мүмкін. Ал жұмыс жасағына келсек жақсы мүмкіндіктер болады, жұмыс мансабында өсуі мүмкін. Ақша жағынан өсім жылы болғалы тұр. Өз білімінің дамуына, өсуіне ақша құйса сәтті болмақ. Қысқаша айтқанда болжам осындай. 
 
Өмірде нумерологияның көмегімен есептей алмайтын салалар немесе жайттар бар ма?
 
Әрине бар. Адамның дүниеден өтетін уақытын есептей алмайды. Оны білу мүмкін емес. Денсаулығының кінәратына байланысты сұрақтары бар жандарға  да,  біз көмек бере алмаймыз. Барлығы бір Алланың қолында.