"Қалқаманның қызыл кірпіші"

539
Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайында екі қызыл кірпіш сақтаулы тұр - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі egemen.kz  сайтына сілтеме жасап.

Сөреге «Ыбырай Алтынсарин мектебінің іргетас кірпіші, 1884 ж. 2000 жылы Алтынсарин мектебінің түлегі, философия ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып табыс етті» деп жазылған. Алдыңғы буын зиялылар бұл кірпішті «Қалқаманның қызыл кірпіші» деп атап кеткен. Ұлы ағартушының көзіндей болған құнды жәдігердің бұлай аталуының да өзіндік сыры бар.


Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың іргесіндегі қазіргі Алтынсарин көшесі мен Әл-Фараби даңғылының түйіскен тұсы қаладағы қастерлі де, қасиетті орындардың бірі саналады. 1884 жылы Ыбырай Алтынсарин дәл осы жерде тұңғыш рет орыс-қазақ мектебін ашты. Бір қабатты үлкен мектептің қабырғасы қызыл кірпіштен өрілген деседі.

 Кезінде Ілияс Омаров, Спандияр Көбеев сынды ұлт зиялылары оқыған білім ошағы тыңға түрен салған өктем саясат күшейген дәуірде қаланың сыртқы сәулет-сәнін бұзып тұр деген желеумен бір кірпіші мүжілмеген қалпы жермен-жексен болып, сүріліп кеткен. Қазақтың талай қара домалақ баласын жылы қарсы алып, білім-тәлім беріп, қанатын қатайтып, үлкен азамат боласың деген үмітке мінгізіп үлкен өмірге ұшырған ыстық ұяның орнында қазір облыстық прокуратураның суық ғимараты тұр.

1968 жылы Қостанай қалалық атқару комитеті ұлы ағартушы салған мектеп ғимаратын бұзу туралы шешімі қабылдайды. Бұл шешім сол тұстағы ұлт зиялыларының наразылығын тудырып, әсіресе, мектеп ұстаздары мен шәкірттері тарихи мұраны сақ­тап қалуға күш салады. Бірақ со­ған қарамастан 1969 жылы мектеп бұ­зы­лып, орны ғана қалады.

Белгілі журналист, Ыбырай мектебінің шәкірті Сәлім Меңдібайдың айтуынша, қабыр­ға­сының қалыңдығы 1 метр болатын қамалдай берік ғимаратты бұзу да оңай болмапты. Тіпті болмай бара жатқан соң, қала басшылары сая­жай­ға үй салып алыңдар деп жұрт­қа үлестіруге мәжбүр болыпты. Осы­лай­ша, мектептің кірпіші әркімнің қо­лын­да кеткен.

2000 жылы Ыбырай мекте­бі­нің шәкірттерін елең еткізген бір оқиға болды. Қаланың орталығын абаттандыру барысында бұрын білім ошағы тұрған орынға төселген асфальт қопарылады. Оның астынан тарихи мектептің іргетасы жарқ етіп шыға келеді. Мұны құрылыс жүріп жатқан көшеден өтіп бара жатқан Ыбырай мектебінің тағы бір түлегі, қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қалқаман Жақып ағай көріп қалып, шаңға көмілген іргетасты құшақтап, отыра кетеді.

«Ол кезде мен облыстық архив және құжаттама басқармасы басты­ғының орынбасары едім. Ахаң уни­вер­ситетінің ұстаздары студент­тер­дің мемлекеттік емтиханына төраға болыңыз деп ша­қыр­ған соң сол жаққа қарай бара жат­қан бетім еді. Әдет­тегідей, жаңа шыққан бірнеше газетті қолтығыма қысып, өзіме алты жыл бойы алтын ұя болған Ыбырай атамыздың мектебі тұрған жерден өтіп бара жатқанмын. Анадай жерде жұмысшылар жер қазып жатыр екен. Кенет мектептің табалдырығы көзіме оттай басылды. Жақындап бардым, өз көзіме өзім сенер емеспін. Қираған табалдырықтың екі қызыл кірпіші ғана бүтін күйінде сақталыпты. Үстімдегі күртемді шешіп, жұмысшылардан сүймен сұрап алдым да, екі жарым кірпіш қазып шығардым, – дейді Қалқаман Хасенұлы.

Қалқаман аға олжасын газетке орап жатқанда, жанына жақындап келген жұмысшылардың бірі:
– Молодой человек, что вы нашли, клад? – деп күледі. Сонда анау-мынаудың алдында сөзден тосыла қоймайтын сұңғыла профессор:
– Это бесценный клад! – деген екен.
– Золото, что-ли? – деп тақақтап қоймаған соң, Қалқаман аға:
– Берите выше, это дороже золото и бриллианта, это для меня бесценный дар! – деп, кірпіштерді құшақтап музейге жетуге асығады.
Ал әлгі жұмысшы:
– Ох ты чудак, – деп күліп қала береді.

Қалқаман Хасенұлының айтуынша, кезінде Мырзахмет Шайхин, Әукен Молжігітов, Қожантай Оспанов, Бекет Қалмақов Ыбырай салған мек­тептің оншақты сыныбы, кітапханасы мен асханасы, оқу және жатын бөл­месі, тіпті дербес ауруханасы, ол ауру­хананың ішінде тұмау тиген балалар­ды оқшаулайтын бір-екі төсегі бар арнайы инфекциялық бөлмесі болған. Бұдан Тобыл жағалауындағы тұңғыш білім ордасын салу барысында ұлы ағартушының заманауи мектепке ке­рек­тің бәрін жан-жақты қамтығанын аң­ға­руға болады.