Қазақстандық футболшы жол апатынан көз жұмды
Қарағанды облысында болған жол апатынан көкшетаулық «Елімай» клубының 29 жастағы футболисі әрі «Скаут» балалар командасының бапкері Илья Буртовой қаза тапты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kz.kursiv.media сайтына сілтеме жасап.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, апат 6 маусым күні Абай – Қарағанды тасжолында, Дубовка кентіне таяу жолдың 1-шақырымында болған. «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол 44 жастағы азамат тізгіндеген «Opel Vectra» көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан «Chevrolet Cobalt» жүргізушісі мен оның екі жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Илья Буртовой ауыр халде көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қарағанды облысының полиция департаменті жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу және рөлдегі ұқыпсыздық жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері болып қала беретінін ескертті. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдарда барынша абай болуға шақырды.







