Көлік жуу орындарына ауыз суды пайдалануға шектеу қойылады
Елімізде су тапшылығын азайту үшін жаңа шаралар қолға алынбақ. Қазақстанда көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануға шектеу енгізу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде суды үнемдеу және оның ысырабын азайту талаптары күшейтілген. Енді бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіру үшін қосымша өзгерістер енгізілмек.
"Су кодексіне көлік жуу орындарында орталықтандырылған жүйеден берілетін ауыз суды пайдалануға шектеу қоюды көздейтін түзетулер дайындалды", – деді министр.
Яғни жаңа талап қабылданса, көлік жуу орындарының орталықтандырылған жүйеден келетін ауыз суды көлік жуу үшін пайдалануына шектеу қойылады.
Суды үнемдеу жұмыстары өндіріс орындарында да жүргізіледі. Кәсіпорындар бір рет пайдаланған суды қайта қолдануға мүмкіндік беретін жүйелерге біртіндеп көшпек. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай өндірісте қайта пайдаланылатын судың үлесі 28%-ға жетуі тиіс.
Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жыл сайын 260 миллион текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар.
Су шаруашылығына 1 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған
Нұржан Нұржігітов еліміздегі каналдар мен су қоймаларын жаңарту жұмыстарына да тоқталды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық нысан жөнделген.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстың ауқымын тартылған инвестиция көлемінен де көруге болады. 2023 жылдың қыркүйегінен бері су саласына шамамен 1 триллион теңге инвестиция тартылды", – деді министр.
Қазір ел бойынша 4,6 мың шақырымнан астам суару желісі жаңартылып жатыр. Оның 964 шақырымын биыл аяқтау жоспарланған.
Министрліктің есебінше, бұл жұмыстардың нәтижесінде шамамен 200 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ету жақсарады.
Қаз
Рус






