"Қақпадан секіріп, тұра жүгіреді": Шымкенттегі мамандандырылған ХҚКО-да түсірілген видеоның мән-жайы белгілі болды
338
Әлеуметтік желілерде Шымкентте халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұзын-сонар кезектің видеосы тарап жатыр. Кадрда адамдар қақпадан секіріп өтіп, ғимаратқа қарай жүгіреді, -деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиғаның Шымкенттегі №1 мамандандырылған ХҚКО-да болғанын “Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі растады. Тұрғындар С1 (жүк газелі) санатындағы жүргізуші куәлігіне практикалық емтихан тапсыруға барған.
"Бұл қаладағы екі автодромның бірінде жабдықтарды жөндеу жұмысының жүргізілуімен байланысты. Мамандандырылған ХҚКО-ның өзі штаттық режимде жұмыс істеді және клиенттерді көлікті қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру бойынша қабылдады",-деді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар ақпанның соңында автодром өз жұмысын жандандырып, көлік жүргізудің барлық санаты бойынша клиенттерді қабылдай бастады. Алайда, осы уақыт ішінде практикалық емтихан тапсырғысы келетін адамдар саны көбейді. №1 мамандандырылған ХҚКО-ға тек Шымкент қаласының тұрғындары ғана емес (халық саны 1 миллионға жуық адам), сонымен қатар бүкіл Түркістан облысының тұрғындары (халық саны - 2 миллионнан астам адам) жүгінетіні де жағдайды ушықтырған.
"Көп адам келуіне байланысты қазіргі уақытта мамандандырылған ХҚКО-ның жұмыс уақыты ұзартылды. Сондай-ақ, С1 санаты бойынша емтихан қабылдауға қосымша көлік бөлінді. С-1 санатындағы көлікке GPS-датчиктер орнатылады. Бұл уақытта практикалық емтиханды Шымкент полициясының өткізу мәселесі пысықталып жатыр", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында мамандандырылған ХҚКО ашу мәселесі шешіліп жатыр. 19, 20 және 23 наурызда Шымкент қаласының №1 мамандандырылған ХҚКО штаттық режимде 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.