Қандастарға қандай жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетіні анықталды

414
Қандастар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға ала алады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов баяндады.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында сөз сөйлеген вице-министр 2016 жылдың 6 мамырында жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілгенін айтты. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
 
"Мораторий мерзімі аяқталатындығына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сонымен қатар, қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешім қабылдады", - деді вице-министр.

Оның айтуынша, мәжіліске енгізілген жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасында мораторийге дейін шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайды. 

"Дегенмен, пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдана алады. Сонымен бірге, қандастар қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Бірақ, ауыл шаруашылығы жерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар", - деді Рүстем Құрманов. 

Еске сала кетсек, жаңа заң жобасына сәйкес, қандастар да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығымен иелене алмайтыны хабарланған еді.