Алтын Орда тарихы қашан толық зерттеледі?

301
Тарихшылардың пікірінше, археологтар қорымдар мен көне қалашықтардан алтын іздеуден әрі аса алмай жатыр- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Ұлттық сана қазақ хандығымен шектеліп қалғандай. Себебі Алтын Орда заманы әлі зерттеле қойған жоқ. Мектептегі тарих оқулықтары қазақ хандары мен батырларынан әрі аспайды. Жошы одан кейінгі Бату, Берке, Мөңке Темір, Өзбек хандар жайында мәлімет аз. Тарихшылар Кеңестің солақай саясаты бізге Алтын Орданы құбыжық ретінде көрсетті деген пікірде.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жалпы қазақ хандығы дегеніміз - Шыңғысхан империясының бір бөлігі. Өкінішке қарай, біздің тарихи санада солай қалыптасып қалған. Алтын Орда ол моңғол сияқты. Жошы хан да моңғол сияқты. Иә, ол Моңғолиядан келді. Бірақ олай дейтін болсақ, біздің мемлекетімізді онымен еріп келген руларды да моңғол деп айтамыз. Онымен Найман, Керей, Жалайыр Қоңырат бәрі еріп келді. Онда оларды да моңғол деп айтуымыз керек. Олар келіп біздің мемлекетімізді құраған, елге ел қосылды. Мына жерде Дешті Қыпшақ пен Шыңғысхан, міне, соның арқасында осындай байтақ жерге ие болып отырмыз.

Алтын ордаға қатысты кітап та жазылып, кино да түсіріліп жатыр. Алайда құнды дүниелердің қоры әлі де аз. Ал өзге ел өз көзқарасымен жазады. Анығында Ұлық ұлыстан өзгелердің үйренгені көп.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы:

– Орыс кінәздерінің өзі Ұлық ұлыстан көп нәрсені үйренген. Мысалы финанс жүйесі бар ғой теңге, алтын, қазына деген сөздер осы Ұлық ұлыс кезінде орыс тіліне енген. Одан кейін мына әскери, мемлекеттік басқару жүйелерін көшіріп алған. Сондықтан көптеген елге Кавказ халықтарына әсері өте мол болған. Айтпақшы өте бір маңызды мәселе, Алтын Орда 1550 жылы құлдырады. Сол кезде жаңа ұлттармен, халықтарға дем берді. 

XIII-XV ғасырларда Еуразия құрлығының басым бөлігінде, Ертістен Дунай өзеніне дейінгі орасан зор аумақта өмір сүрген Алтын Орданың қалашықтары да зерттеліп, қалпына келтірілсе, әлі талай кітап пен киноға арқау болар еді.

Зерттеумен ғалымдар неге айналыспайды десек, археологтардың дені алтын іздеуден әрі аспайды. Ал Алтын Орда тұсында жерімізге келген шетелдік саяхатшылардың қазақ даласы жайындағы естеліктері, Ұлық ұлыс хандарының өзге мемлекеттердің патшаларына жіберген хаттары Ресей, Қытай, Араб елдерінде тіпті Ватиканның архивінде жатыр. Әлгі тарихи құжаттар көне тілде жазылған. Шетелге барып, оны ашып, оқитын мамандар тапшы.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Алтын орда тарихын зерделейтін мықты деген мамандар аз. Тіпті Қазақ хандығын да нағыз зерттеп жүрген үлкен ғалымдарымыз аз. Мамандар аз болғасын біздер Ресейдің кітаптарын оқимыз. Өз тарихымызды өз көзқарасымызбен аша алмай келе жатырмыз.

 Енді олқылықтың орны толар деген үміт басым. Себебі елде Алтын Орда тарихын зерттейтін ғылыми орталық құрылды. Бұрын болмаған. Енді орталықта ғалымдардың басы бірігеді. Зерттеу жұмыстары қарқын алады. Жалпы келесі жылдан бастап Алтын Орда тарихы жанданғалы тұр. Қазір Ұлық ұлыс заманын айшықтауға мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр.