Шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионатының өтетін орны белгілі болды

1 545

2024 жылы шайбалы хоккейден барлық дивизион бойынша әлем чемпионаттарының өтетін орны мен уақыты белгілі болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Қазақстан хоккей федерациясына сілтеме жасап.


Бұл шешім Финляндияның Тампере қаласында ұйымдастырылған Халықаралық хоккей федерациясының жыл сайынғы конгресінде жарияланды.


Алдағы жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Финляндияның Эспоо және Вантаа қалаларында 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтеді. Бұл бойынша түскен жалғыз өтінім аталған ел тарапынан жасалған еді.


Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түседі. Қарсыластары – Канада, Швеция, Швейцария және Чехия.


Ал А тобында АҚШ, Финляндия, Словакия, Латвия және Норвегия.


Айта кетсек, 2023 жылдың сәуірінде Францияда өткен әлем чемпионатының бірінші дивизионында қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионға берілген жолдамаға қол жеткізді. Осылайша олар 21 жылдан кейін әлемнің 10 үздік құрамасының қатарында ойын көрсетуге мүмкіндік алды. Соңғы рет еліміздің жасөспірімдер құрамасы 2003 жылы Ресейдің Ярославль қаласында өткен әлем чемпионатында топ-дивизионда сынға түскен еді.


2023 жылдың 10-16 желтоқсаны аралығында Венгрия астанасы Будапешт қаласында жастар арасындағы әлем чемпионаты жалауын көтереді. Дүбірлі доданы өткізуге Австрия да ниет білдірген еді.


Қазақстандық хоккейшілер элиталық дивизионға берілетін жолдамаға ие болу үшін Австрия, Франция, Венгрия, Дания және Жапониямен күш сынасады.


Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2024 жылдың 18-24 мамыр аралығында Испания астанасы Мадрид қаласында өтеді. Қазақстан құрамасының қарсыластары – Испания, Мексика, Қытайлық Тайбэй, Исландия және Бельгия. Құрамалар бірінші дивизион жолдамасын сарапқа салады.


Ал еліміздің 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар құрамасы Нидерландтың Херенвен қаласында екінші дивизионның А тобында Қытай, Латвия, Нидерланд, Ұлыбритания және Түркиямен ойнайды. Ойындар 2024 жылдың 15-21 мамыр аралығында болады.


Еске салсақ, 2023, 2024, 2025 және 2026 жылдары элиталық дивизионда ерлер арасындағы әлем чемпионат тары қайда өтетіні белгілі болған еді. Биылғы біріншілік 12 мамыр күні басталып кетті. Сондай-ақ биыл 2027 жылғы хоккейден әлем чемпионаты ұймдастырылатын ел анықталды.