ХОК Беларусь спортшысы Тимановскаяның ісіне қатысты тергеу бастады

323
Халықаралық Олимпиадалық комитет Беларусь спортшысы Кристина Тимановскаяның ісін тергеуді бастады.

Халықаралық Олимпиада комитеттің (ХОК) ресми өкілі Марк Адамстың айтуынша, олар қазірдің өзінде спортшының ісіне қатысты куәгерлердің тізімін жасауға кіріскен. "Тәртіптік тексеру кеше басталды. Енді бұл іс бойынша кіммен сұхбаттасу, кімді тыңдау керектігі шешілуде. Процесс жалғасуда", – деді Адамс. Еске сала кетсек, бұған дейін жеңіл атлет Кристина Тимановская өзін Олимпиада кезінде Жапониядан күштеп шығармақ болған соң Еуропадан көмек сұраған болатын. Спортшының айтуынша, олар оны Жапониядан Беларуське күштеп алып кетуге тырысқан. Тимановскаяға Польша елшілігі күзет берген. Оның Жапониядан күштеп шығарылуына байланысты Біріккен ұлттар ұйымы да қарсы екенін хабарлады. Оған қоса, жеңіл атлет Яна Максимова да туған жері Беларуське қайтудан бас тартқан еді. Бұл туралы ол желідегі парақшасында хабарлады. 

32 жастағы Максимова күйеуі Андрей Кравченкомен бірге Германияда тұратыны белгілі. Жеңіл атлет туған жеріндегі саяси жағдай туралы айтып, онда "тек бостандығыңнан ғана емес, өміріңнен де айырылуың мүмкін" деген мәлімдеме жасады. Сондай-ақ БАҚ беттерінде оның Беларусьтегі Климовичи қаласында тұратын ата-анасына арнайы жасақ жіберілгені туралы ақпарат жарық көрді.