Қазақстандағы ең қымбат футболшы кім?

1 543

Фото: Қайрат ФКАлматылық «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев Transfermarkt порталының бағалауынша, Қазақстан құрамасының ең қымбат ойыншысы атанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Әлемдік футболшылар мен командалардың трансферлік құнын бағалайтын портал Қазақстан Премьер-лигасы ойыншыларының бағаларын жаңартты. Нәтижесінде Сәтпаев 3 миллион еуроға бағаланып, ішкі чемпионаттағы ең қымбат футболшы мәртебесін сақтап қалды.

Ол «Зениттің» Нұралы Әліпі мен «Динамо» (Мәскеу) ойыншысы Бахтиёр Зайнутдиновты артқа қалдырып, құраманың көшбасшысы болды.

Қазақстан құрамасының ең қымбат 10 ойыншысы:

Дастан Сәтпаев («Қайрат») – 3 млн еуро

Бахтиёр Зайнутдинов («Динамо» Мәскеу) – 2,8 млн еуро

Нұралы Әліп («Зенит» Санкт-Петербург) – 2,5 млн еуро

Максим Самородов («Ахмат» Грозный) – 2,5 млн еуро

Ислам Чесноков («Тобыл») – 1,2 млн еуро

Әлібек Қасым («Ақтөбе») – 750 мың еуро

Әлібек Жұмаханов («Елімай») – 600 мың еуро

Ғалымжан Кенжебек («Елімай») – 600 мың еуро

Дамир Қасаболат («Қайрат») – 600 мың еуро

Ян Вороговский («Астана») – 500 мың еуро

Сәтпаевтың құны бұрынғы 1,8 млн еуродан 3 млн еуроға дейін өскен. Мұның басты себебі – футболшы мен командасының керемет нәтижелері. 17 шілдеден бері «Қайрат» тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып, Дастан сол турнирде 4 матч өткізді.

Ішкі аренада да жас шабуылшы көшбасшы екенін дәлелдеді: «Астанаға» қарсы шешуші ойында чемпиондық голды дәл Сәтпаев соқты. Биылғы маусымда ол 18 гол соқты (чемпионатта – 14, Чемпиондар лигасының іріктеуінде – 3, ел кубогында – 1) және 8 нәтижелі пас берді. «Гол+пас» жүйесі бойынша Сәтпаев 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының лидері атанды.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың басында Дастан Сәтпаевты Лондонның «Челси» клубы сатып алған, ол 18 жасқа толғаннан кейін ол Англияға ауыса алады.