Алматыда 2029 жылғы қысқы Азия ойындары өтеді

2 603

фото: olympic.kzАлматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді, - деп хабарлайды  "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.

Ресми рәсімге, сондай-ақ, Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылығы, Азия елдері Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері, сонымен қатар, Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Миланда болған құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар қатысты.



Азия ойындарының Қазақстанда өтуі ел үшін маңызды оқиға саналады және олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына қосымша серпін береді.


“Азия ойындарын қоса алғанда, ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру ел үшін стратегиялық маңызы бар. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген жоғары сенімін білдіреді. Сондай-ақ еліміздің осындай деңгейдегі турнирлерді қабылдауға толық дайын екенін көрсетеді.
2029 жылғы қысқы Азия ойындарының Алматыда өтуі қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді. Бұл - біз үшін жинақталған тәжірибеге және қосымша нысандар салуды қажет етпейтін, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған спорттық әрі қалалық инфрақұрылымға сүйене отырып, еліміздің ұйымдастырушылық мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеуге жол ашады.
Қазақстан үшін қысқы Азия ойындарын қайта қабылдау - үлкен мәртебе”, - деді Геннадий Головкин.