7 жасар Алиша Бисалиева шахматтан әлем чемпионы атанды
Астаналық Алиша Бисалиева Қазақстан шахматшылары арасында бірінші болып 2024 жылдағы әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ол Албанияның Дуррес қаласында 8 жасқа дейінгілер арасында рапидтен топ жарды.
Адриатика теңізі жағасында орналасқан Дуррес қаласында тез шахматтан (рапид және блиц) кадеттер арасында (FIDE World Cadet Rapid & Blitz Championships 2024) өткен әлем чемпионатына қырыққа жуық елден жас шахматшылар үш салмақ санатында сынға түсті.
Аталмыш жарыста Қазақстаннан барлығы 22 жас шахматшы өнер көрсетіп, 6 медаль жеңіп алды.
Соның ішінде астаналық Алиша Бисалиева 8 жасқа дейінгілер арасында рапидтен алдына жан салмады. Оған қоса Алиша блицтен күміс алды.
Блицтен сондай-ақ ақтөбелік Нұралы Нұршин күміс медальді еншіледі. Ал түркістандық Нұрислам Сұлтанхан (рапид, 8 жасқа дейінгілер), ақтөбелік Ханзада Аманжол (рапид, 12 жасқа дейінгілер) және астаналық Әлімжан Жауынбай (блиц, 10 жасқа дейінгілер) үздік үштікті түйіндеді.