Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық дрон-футбол чемпионатының жеңімпаздары атанды

2 505

Фото:©️ Kazakhstan Drone Soccer AssociationҚазақстандық оқушылар АҚШ-тың Калифорния штатындағы Палм-Спрингс қаласында өткен FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық чемпионатында табысты өнер көрсетті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі El.kz сайтына сілтеме жасап.

Турнирге 17 елден 100-ден астам команда қатысты. Жарысқа ел атынан бес команда қатысты. Соның ішінде төртеуі – Астанада, біреуі Ақтөбеде жасақталған құрам. Чемпионат қорытындысы бойынша қазақстандық қатысушылар бірнеше дисциплинада жүлделі орындарға ие болды. Super Pilot жеке санатында Астана қаласындағы №8 мектептің 9-сынып оқушысы Амантай Арсен бірінші орынды иеленді. Жаттықтырушысы Жәнібек Ражабовтың жетекшілігімен ол турнирдегі ең күрделі техникалық дисциплиналардың бірінде үздік нәтиже көрсетті. Осы санатта екінші орынды Астанадағы №82 мектептің оқушысы Хайралла Айсұлтан жеңіп алды. Оның жаттықтырушысы – Дінмұхамед Орынбасар. Drone Soccer Class 20 командалық дисциплинасында қазақстандық команданың бәрі үздік үштікке кірді. Брінші орын –Ақтөбедегі Kemel Bilim командасына, екінші орын – Астана қаласындағы №8 мектеп командасына, үшінші орын  №82 мектеп командасына бұйырды.Фото:©️ Kazakhstan Drone Soccer Association

Командалар халықаралық чемпионатқа бір жылдан астам уақыт дайындалды. АҚШ-тағы жарысқа қатысу алдында олар Астанада өткен ұлттық іріктеуден өтіп, кейін FIDA халықаралық федерациясынан ресми рұқсат алды, – деді Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының директоры Әлихан Рыспай.

Турнир қорытындысы бойынша, Қазақстан Class 20 санатындағы ең үздік елдердің біріне айналды.  Бұл - халықаралық спорт түрі. 5 адамнан тұратын 2 команда матчты тормен жабылған стадионда ойнайды. Әр команданың міндеті қарсыластың қақпасына (ауада ілулі тұрған сақина) мүмкіндігінше көп гол соғу. Ойынға арналған дрондар соқтығысудан қорғау үшін арнайы экзоскелетпен жабдықталған. Матч 3 раундтан тұрады. Дрондар соқтығысады, күрт манёвр жасайды, қорғанады және шабуылдайды. Трибуналарда жанкүйерлердің дауысы естіледі, ал атмосфера киберспортты, баскетбол немесе футуристік шоуды еске түсіреді.  Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды: дрон тек арена ішінде ұшады, төрешілердің қадағалауымен және ережелерді қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Kazakhstan Drone Soccer Association Қазақстанда дрон-футболды дамыту жұмыстарын жүргізіп, мектеп бағдарламаларын, жарыстарды және халықаралық турнирлерге дайындықты ұйымдастырады.