"Медаль сұрайды. Бірақ жағдай жасамайды". Қазақ спортшысының жанайқайы

329

Әлеуметтік желіде шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Абзал Әжіғалиевтың соңғы өткен қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына қатысты жазбасы шықты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Оның айтуынша, қазақ спортшыларының шеберлігі өзгелерден кем емес. Тек қысқы спорт түрлеріне біздің елде жасалған жағдай көңілден шықпайды екен. Бірінші кезекте спортшы "Алау" мұз айдыны секілді спорт нысандарына кіре алмайтындықтарын жазыпты. Спорт кешені кәсіби спортшыларға қызмет көрсету үшін ақша талап ететін көрінеді.

Мұз айдынына қол жеткізе алмаймыз. Бізден медаль талап етеді. Бірақ елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған арнайы база да жоқ. Жанкүйерлер мұндай проблемалардың бар екенін білмейді де,- дейді ол.

Сондай-ақ спортшы өңірлердегі спорт кешендерінде шорт-трекпен айналысу мүмкін емес екенін айтады. Оның үстіне құрамадағы қыз-жігіттерге жаттығуларға қажетті құрал-жабдық та жетіспейді екен. Сондықтан олар өз қалтасынан қаржы шығарып, өз бетінше амалдайтынын айтқан.

Бізге төрт жылда бір рет көңіл бөлінеді.Елімізде спортты дамыту туралы көп айтылады. Тек қысқы спорт түрлері ешкімге қызық емес. Мұндай көзқарас өзгерсе дейміз. Алайда әзірге ілгерілеу бар деп айтуға ауыз бармайды,— дейді спортшы.

Абзал Әжіғалиевтің айтуынша, осының бәріне қарамастан , спортшылар еліміздің атын шығаруға аянбай тер төгіп жатыр. Жақсы көрсеткіштер де жетерлік. Тек қысқы спорт түрлерінен медаль алған спортшыларға қаржылай сыйақы не болмаса басқа да демеу қарастырылмаған екен.

Олимпиада аяқталды. Нәтижеге ешкімнің көңілі толмайды. Нәтиже болу үшін келесі ойындарға қазірден бастап дайындалу қажет. Ол үшін тиісті жағдай жасалуы шарт. Көңіл бөлінсе, көрсеткіш те болады,— дейді Абзал.

Спортшы жазбасының соңында өз командасы мен бапкерлеріне алғыс білдіріпті. Сондай-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдағы уақытта тынбай тер төге беретінін жеткізді.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев — жуырда өткен қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы арасынан ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген жалғыз спортшы.