Олимпиада жеңімпаздары қаржылай сыйақысын қайрымдылыққа жұмсады
Көкшетаулық екі оқушы олимпиададан жеңіп алған қаржыларын мұқтаж отбасыларға жұмсаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жас оқушы Азамат Аманжолов олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, 35 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болған.
Бұл жүлде сағаттап дайындық пен табандылықтың, мұғалімдердің қолдауы мен өзіне деген сенімнің жемісі. Ал оның досы Данияр Байбусинов біраз уақыт бойы үнемдеп, қаражат жинаған. Балалар бұл ақшаны жеке қажеттіліктеріне немесе ойын-сауыққа жұмсай алар еді. Бірақ олар мүлде басқа жолды таңдаған.
Қос оқушы бір-бірімен ақылдаса келе, жиналған қаржыны ерекше мұқтаж жандарға көмектесуге жұмсауды ұйғарған. Олар қажетті азық-түлік сатып алып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға табыстаған. Жас өрендердің айтуынша, бұл – жүрек қалауымен әрі саналы түрде қабылданған шешімдері.
Азамат пен Даниярдың игі ісі мұғалімдердің, ата - аналардың және қала тұрғындарының шынайы құрметіне бөленген. Өйткені дәл осындай балалардан алға мақсат қоя білетін, оған жетуге ұмтылатын және айналасына жанашырлық танытатын азаматтар өсіп шығады деп сенеді.







