Зарина Дияс спорттағы мансабын аяқтады
Астанада Қазақстан теннисі тарихындағы ең жарқын спортшылардың бірімен әсерлі қоштасу рәсімі өтті, Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтайтынын Канада құрамасына қарсы Билли Джин Кинг кубогы іріктеуінің екінші ойын күні басталар алдында мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.KZ. сайтына сілтеме жасап.
Әлемдік теннис жұлдыздарының бейнеүндеулері, әріптестерінің алғыс сөздері мен жанкүйерлердің ұзақ қол соғуы Заринаны бірнеше рет көз жасына ерік беруге мәжбүр етті. Әлемдік рейтингте 31-орынға дейін көтерілген, еңбекқорлық пен төзімнің символына айналған спортшы тұтас бір дәуірді артқа тастап, кортпен қош айтысқан. Қорытынды баспасөз мәслихатында Зарина бұл шешімнің аяқ астынан қабылданбағанын ашық айтты. Мұндай қадамға келуіне жылдар бойы жиналған физикалық және психологиялық жүктеме себеп болған.
Сондай-ақ Зарина өзінің жеңіс жолы ерте басталғанын еске алды: ол 9 жасында алғашқы жүлделерін жеңіп алып, 16 жасында АҚШ-та өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік деңгейдегі турнирде топ жарған. Осы ерте қалыптасқан сенім мен табандылық оны Токиодағы WTA турнирінде чемпион атануға және «Үлкен дулыға» жарыстарының төртінші кезеңіне дейін жетуге мүмкіндік берді. Зарина жас спортшылар мен олардың ата-аналарына басты кеңес ретінде сабыр сақтауды, жүйелі еңбектенуді және спорттағы қиындықтарға төзімді болуды атап өтті. Оның айтуынша, үлкен жетістікке жету үшін уақыт, тәртіп және сенім аса маңызды.







